Кеше, 25 маусымда Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылында егін егу жұмыстарының қорытындысы және егіншілік саласын әртараптандырудың ғылыми негіздері туралы семинар-кеңес өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, аудан әкімдері, ауыл шаруашылық саласының мамандары, шаруашылық төрағалары қатысты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дәуірбек Әбуов егін егу жұмыстарының аяқталу барысымен таныстырды. Баяндамашы дақылдарға, минералды тыңайтқыштарға, суармалы суға төленетін субсидия қазір толығымен төленгенін атап өтті. Бұл шаруашылықтардың жұмысын жүйелі жүргізуге сеп болды дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, әртараптандыруға байланысты Жаңақорған ауданында алма, жүзім егіліп жатқанын мәлімдеді. Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған және Шиелі аудандарының әкімдері егін егу жұмыстары уақытылы аяқталғанын жеткізді. Қазір кесте бойынша суару, күтіп-баптау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның басқарма төрайымы Жанат Самат 42 шаруашылықтан күзгі егіннен жиналатын күріш салысын сатып алуға келісім жасасып қойған айтты. Бұған қоса, алдағы уақытта күріш өңдейтін зауыттарға да субсидия бөлінетінін жеткізді.
Жалпы, Сыр диқандары биыл 80694 гектарға күріш екті. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 6,7 мың гектарға артық. Бұл жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі. Дегенмен, бүгінгі күннің басты мәселе әртараптандыру болып тұр. Жергілікті табиғатқа шыдамды тұқым сорттарын дайындауда Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ-ның ғалымдары тынымсыз еңбек етуде. Институт директоры Серікбай Өмірзақов 60-70 күнде пісетін 6 сорт түрін тәжірибеден өткізіп жатқанын мәлімдеді. Келер жылы шаруашылықтар Сыр салысының жаңа сорттарын егетін болады.
Биылғы жылы негізгі дақыл күріштің межеден артық егілгенін атап өткен облыс әкімі азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда маңызы бар майлы дақылдар мен бақша, көкөніс және картоп дақылдарының көлемін азайтпай керектігін ескертті.
– Өткен жылы күрішке төленетін субсидия көлемін өсірдік. Осылайша, шаруашылықтардың мәселесін шешуге жәрдемдестік. Соның нәтижесінде күріш алқабы кеңейіп отыр. Енді күзге дейін бақша, көкөніс дақылдарын субсидиялау жолдарын қарастырудамыз. Жақында облыс делегациясы Краснодар өлкесінде болып, тәжірибе алмасып келді. Жаңашылдықтарды мамандар енді өзімізге енгізу бағытында жұмыс жасайтын болады, – деді аймақ басшысы.