
Бүгінде Әдеп кодексі аясында әдепсіз әрекеттің алдын алуға бағытталған бірқатар шара жүзеге асып, оң нәтиже байқалуда. Дегенмен, кемшіліктер жоқ емес. Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бірқатар олқылықтар сөз етілді.
Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Бірінші кезекте мемлекеттік органдардағы моральді-психологиялық климатты анықтау бойынша жүргізілген сауалнама қорытындысы таныстырылды. Оның нәтижесі бойынша келесі жағдай қалыптасқан. Респонденттердің 40 процентке жуығы ұжымдағы моральді-психологиялық климатты қолайсыз деп таныған, ал ендігісі кәсіби сұрақтарымен мемлекеттік органның басшысына жүгіне алмайтындығын алға тартыпты. Сонымен қатар, сауалнама барысында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, кірістер департаментінің, Арал ауданы әкімдігінің қызметкерлері басшылық және өзге қызметкерлер тарапынан қызмет жағдайын теріс пайдалану фактілерін байқағанын білдірген. Жалағаш ауданы әкімдігі мен оған қарасты бөлімдердің қызметкерлерінен алынған сауалнама жауаптары формальді түрде, яғни дайын шаблон үлгісінде толтырылғаны да анықталды. Барлық қызметкер 100 процент бірдей сөзбе-сөз жауап берген. Бұл ретте кеңес мүшелері аудан әкімдігі аппараты тарапынан сауалнаманың объективті түрде өтуі қамтамасыз етілмегенін немесе оған жол берілмегенін айтты.
Мұнан кейін Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінің әкімі Жарасхан Мұратбаевтың тәртіптік ісі қаралды. ҚР Жер кодексінің 2-1 бөлігі 2-тармақшасында аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері елді мекен аумағында жеке тұлғаларға қатысты жердің нысаналы мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеу үшін мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді делінген. Алайда, қызметтік тексеру барысында Жарасхан Мұратбаев ол құзыретті аудандық жер қатынастары бөліміне жүктеумен шектеліп, 6 тұлғаға қатысты нақты шара қолданбағаны белгілі болды. Тарқатып айтсақ, кент әкімі жеке тұлғалардың тиесілі жер учаскелерін нысаналы мақсатта пайдаланып отырғандығына зерделеу жұмыстарын ұйымдастырмаған, олардың салық органында дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе тіркелмегендігі туралы мәлімет анықталмаған. Оған қоса М.Ерқатов, С.Нұрмаханов, Б.Оразбаев, У.Үсенбаев, Е.Жайманов және Д.Жамбыловтардың мекен-жайы бойынша орналасқан жер учаскелері нысаналы мақсатта пайдаланылмай отырғандығы Қазалы ауданы әкімдігі ұсынған фотосуреттермен дәлелін тауып отыр. Бұл ретте Жарасхан Мұратбаевтың «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-бөлігінің 4-тармақшасында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берілгендігі байқалады. Осы фактілер негізінде кент әкіміне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Бұдан бөлек, жиында өткен жылы облыста 872 әкімшілік мемлекеттік қызметшінің түрлі тәртіптік жазаға тартылғаны, оның 120-сы Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне қатысты орын алғаны айтылды. Бұл облыстағы барлық тәртіптік жазалардың 14 проценті осы мекемеге тиесілі екенін көрсетеді. Аталған мәселені кеңес мүшелері жан-жақты талқылады, департаменттің тәртіптік комиссия төрағасы Базархан Ақжігітовтің хабарламасын тыңдады. Баяндама соңында департамент басшысы Ғалымжан Орыновқа профилактикалық шараларға баса мән беру ұсынылды. Сондай-ақ, жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың «ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы мерзімінен бұрын алынып тасталды. Себебі, басқарма басшысы тәртіптік жаза алғаннан кейін қызметте оң нәтижеге көрсеткен.
Қорытындысында кеңес мүшелері мемлекеттік қызметтің жауапсыздықты көтермейтінін тағы бір қаперге салды. Қызметте адал, әділ болуға шақырды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.