Дәстүрлі өнер дарабозы

Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға тарап, тот баспай жеткен жыршылық өнерді жалғастырушылар көп. Мұны біз «Текті сөздің төресі – терме» республикалық жыршылар байқауының облыстық кезеңінде байқадық. Облыс­тық ішкі саясат басқармасы мен «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қоры ұйымдастырған шарада жастар жан тебірентер терменің мақамын бұзбай  орындап, көпті сүйсінтті. Шығармашылық сайыс «Жастар жылына» және Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдығына арналды.
Байқауға киелі өнерді дәріптеп жүрген 9 талантты жас жыршы қатысты. Олардың шерткен күйі мен шыр­қай салған әнін таңдай қаға тыңдауға болады. Бұл ретте ҚР мәдениет қайраткері Руслан Ахметов бастаған қазылар алқасына жеңімпазды анықтау қиынға соқты. Сайыс қорытындысында жүйріктер, топ жарған жүлдегерлер сахна төріне шақырылды. Көптің шешімімен Шиелі ауданындағы Нартай өнер мектебінің қызметкері Мұxамедәлі Бек­пейіс бас жүлдеге лайық деп танылып, республикалық бай­қаудың жолдамасын қанжығасына байлады. Сонымен қатар жеңімпазға басқарма дипломы мен қаржылай сыйлық табысталды. Айта кету керек, дәстүрлі өнерді дамыту жолында бағытын айқындаған Мұхамедәлінің бұған дейін де жеткен жетістігі орасан. Ол – түрлі облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 мамыр 2019 г. 673 0