
Кез келген өркениетті қоғам өмірінде ақпараттың маңыздылығы ерекше. Ақпараттық технологиялар автоматтандыру және ақпаратты қорғау жолдары бойынша үнемі жетілдірілуде. Жаңа ақпараттық технология дамыған сайын өнеркәсіптік тыңшылық, компьютерлік қылмыс, құпия немесе құпия ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізу сияқты жағымсыз құбылыстар бірге жүруде. Сондықтан кез келген ақпараттық қорғау ең маңызды міндет болып отыр.
Осы орайда, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрбол Бижігіт дербес деректерді криптографиялық қорғауды және шифрлануды қолдана отырып, адамдар арасында хабар алмасу кезінде ақпараттың жайылып кетуін болдырмайтын жаңа әлеуметтік желіні бағдарламалады.
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Анар Кенесарының мәлімдеуінше, оқушы мектеп табалдырығын аттағалы бері IT сферасындағы жаңалықтар мен технологиялардың даму тенденциясына қызығушылық танытқан.
– Мектепішілік конкурстарда түрлі жобалық шешімдер мен идеяларды ұсынып, жақсы таныстыра білді. Қазіргі таңда Нұрбол информатика пәнін тереңдетіп оқытатын оқу тобында білім алады. Әлемде орын алып жатқан жеке тұлғаға қатысты мағлұматтың рұқсатсыз таратылуы немесе жария болуы мәселесімен тереңдей айналысып, ақпаратты сақтау әдістері, әсіресе шифрлау алгоритмдері тақырыбында ізденіс жүргізді, – деді А.Кенесары.
Осы ізденістің нәтижесі ретінде оқушы желтоқсан айындағы «Hackathon-2018» байқауында криптографиялық алгоритмдерге негізделген әлеуметтік желі жобасын ұсынды.
«Цифрлық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарлама аясында мемлекеттік органдардың жергілікті халықпен байланысуды жетілдіру бөлімі бойынша электронды абоненттік жәшіктерді пайдалануға көшу, әкімшілік сайттарындағы жеке мағлұматтардың қауіпсіздігі, бүтіндігі мен шынайылығын қамтамасыз ету үшін осы жобада жүзеге асырылған криптографиялық алгоритмдерінің қолданысын қарастыру қажет. Ақпараттық технологияның даму тұсында әрбір азаматтың жеке ақпаратының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет үшін маңызды, – деді жоба жетекшісі.
Бұл онлайн-қызметтің бағдарламасын оқушы өзі жазып шыққан. Жоба жетекшісінің мәлімдеуінше, платформа тегін хостингте орналастырылып, көрсетілді. Әлеуметтік желі қолдануға өте ыңғайлы. «Ақылды таспаның» алғашқы тіркелушілері жас бағдарламашының сыныптастары болды.
Айта кету керек, әлеуметтік желі AES 256 шифрлық алгоритмін пайдаланады. Бұл алгоритм end-to-end encryption әдісін қолдану арқылы, желі бойынша тасымалданатын және сақталатын мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Демек, ақпарат алмасушы екі тарап қана ақпараттың мәтінін көре алады. Бұл asymmetric encryption технологиясының көмегімен жүзеге асады.
Жобаны жүзеге асыру үшін оқушы php, javascript бағдарламалау тілдерін қолданған. Сайттың функционалдық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында JQuery, AJAX веб-интерфейстерін жасау техникаларын пайдаланды. Ақпаратты сақтау мақсатында MySQL мәліметтер базасын басқару жүйесі қолданылған. Оқушы болашақта жобаны Python-Django бағдарламалау ортасында дамытпақшы және мобильді құрылғыларға арналған нұсқасын әзірлеуді жоспарлауда.
Шынар БЕКБАН.