Кеше, 23 маусымда «Мемлекеттік қызметшілер күні» аталып өтілді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сала үздіктерін арнайы төс белгімен марапаттап, жаңадан қызметке қабылданғандар салтанатты түрде ант берді.
Қазіргі таңда облысымыздағы мемлекеттік қызметшілердің саны 3577-ні құрайды. Оның жетеуі саяси мемлекеттік қызметшілер болса, 14-і «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері.
Салтанатты жиында Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов, облыс әкімінің кеңесшісі Ғазымбек Алпысбаев, облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов ҚР заңын сақтап, халықына адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етті.
– Мемлекеттік қызметшілер жан-жақты, елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы керек. Себебі, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Ең бастысы абыройлы болу. Еңбектеріңіздің жемісін ел көрсін, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Сондай-ақ облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Тұрманов, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Елена Шмарина, Сырдария ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиевтер «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.