
Өткен аптада Қызылорда облысында Жаңақорған аудандық полиция бөлімінде жеке құрамның қатысуымен ішкі істер органдарының құрметті ардагерлерімен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында бөлім бастығы полиция полковнигі Тұрсекеев Ғани полицейлер династиясы Абдрамановтарды марапаттады.
Елге қорған болып жүрген әулеттің үлкені ішкі істер органдарының ардагері Абдраманов Әбусейіт Абдраманұлы өзінің қызметтік міндеттерін адалдықпен атқарып, аудан көлеміндегі ауыр қылмыстардың ашылуына үлесін қосқан.
Әбусейіт Абдраманұлы 1938 жылы 15 тамызда дүниеге келген. Ішкі істер органдарына 1960 жылы милиционер болып қабылданып, бөлімнің қылмысты іздестіру, тергеу бөлімшесінде абыроймен қызмет атқарып, 1988 жылы аға учаскелік полиция инспекторы қызметінен құрметті зейнеткерлікке шыққан.
Ішкі істер органдарындағы 28 жыл қызмет атқару кезінде оөз қызметінің нағыз маманы екендігін көрсете біліп, еңбегіне орай көптеген марапаттарға ие болған.
Оның ұлы 1968 жылы дүниге келген Абдраманов Ералы Әбусейітұлы да ішкі істер органдарының ардагері. ІІО-на 1989 жылы қабылданып, Жаңақорған АПб-де нәтижелі қызмет көрсетіп, 2012 жылы аудандық полиция бөлімінен зейнеткерлікке шыққан. Қызмет атқару кезінде бірде-бір тәртіптік шараға тартылмаған.
Немересі Абдраманов Ермұханбет Ералыұлы да жастайынан полиция болуды армандап өсіп, қазіргі таңда Жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Кездесу барысында зейнеткер Ә.Абдраманов полиция қызметкерлерінің еңбектеріне табыс, шаңырақтарына татулық тілеп, шексіз алғысын білдірді.
Ардагермен кездесуден үлкен әсер алған жас полицейлер қызметтеріне адал болуға уәде етті.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі