Қызылорда қаласының шет ауданынан нәрестенің мәйіті табылды

Қызылорда қаласындағы әл-Фараби шағынауданы аумағынан нәрестенің мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға 20 мамыр күні белгілі болды. Сол күні сағат 6.30 шамасында әл-Фараби кварталында орналасқан жол бойынан солтүстікке қарай 40 метр жерден нәрестенің мәйіті табылған.
«Қазіргі таңда аталмыш дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 100-бабымен қылмыстық іс қозғалып, жаңа туған баланы анасының өлтіруі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс шеңберінде барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің барлық процессуалдық талаптарын сақтай отырып, нәрестенің анасын анықтау бағытында кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне.
Баспасөз қызметі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілмейтінін ескертті. Бұдан Қызылорда облысы Қазалы ауданында пакетке оралған нәрестенің табылғанын хабарлаған едік. Одан кейін тастанды нәрестенің анасы қолға түсті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 мамыр 2019 г. 639 0