Астанада Қызылорда облысының өнер күндері өтеді

Астанада Қызылорда облысының өнер күндері өтедіҮстіміздегі жылдың 26-29 маусым күндері Астана қаласында Қызылорда облысының мәдени күндері өтеді. Бұл жайында облыстық ішкі саясат басқармасы мәлім етті.
Арқа төріндегі бас қала тұрғындары қызылордалық өнерпаздардың шығармашылығын тамашалайды.  Күмбірлеген қобыз, домбыраның қоңыр үні, жыршы, әнші, мың бұралған бишілер, театр әртістерінің қойылымдары астаналықтарға рухани кеш сыйламақ. Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы  қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Ж.Ерғалиевтің «Құлыптастың көз жасы» драмасымен өнер күндерінің шымылдығы түріледі. 
27 маусым күні «Конгрес Холл» сарайында «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ұйымдастырылмақ. Арқа төсіндегілер мұнда Қызылорда облысы аумағында болған ескі қалалармен танысып, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалайды. Осы күні «Сыр – Алаштың анасы» атты концерт болады. Кеште дәстүрлі жыраулық өнерді насихаттаушы ҚР еңбек сіңірген қайраткер Алмас Алматов, Эльмира Жаңабергенова, жас жыршылар, халықаралық балалар шығармашылығы конкурстарының лауреаттары, «Томирис» би ансамблі, танымал эстрада жұлдыздары Батырхан Шөкенов, Гүлнұр Оразымбетова, Өмірқұл Айниязов, Елена Әбдіхалықова өнер көрсетеді.
28 маусым күні оқушылар сарайында Иран-Ғайыптың «Қорқыт» драмасы сахналанады. Соңғы күні «Тілеп Қобыз» сарайында «Сыр сүлейін сұрасаң...» жыршы-орындаушылардың дәстүрлі жыр кеші және оқушылар сарайында Е.Төлеубайдың «Абай» трагедиясының қойылымы өтеді. Осы күні «Конгресс Холл» сарайында ақын, әнші-сазгер Елена Әбдіхалықованың және облыс өнерпаздарының «Мен Сырдариямын» атты кешімен Астана қаласында Қызылорда облысының өнер күндері қорытындыланады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 маусым 2014 г. 1 118 0