Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қызылорда облысының тұрғынына белгісіз ер азамат өзінің ұялы телефонынан қоңырау шалып, Қызылорда қаласының аумағында жарылғыш зат орнатылғаны жайлы хабарлама берген. Жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Қызылорда қаласының тұрғыны ұсталып, оған қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 242-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды.
Сондай-ақ 2013 жылдың шілде айында Қызылорда қаласында орналасқан екінші деңгейлі банк ғимаратында жарылғыш зат қойылды деп, бір белгісіз азаматша хабарлады. Шұғыл әрекет нәтижесінде хабардың жалғандығы анықталып, Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны ұсталып, оған қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 242 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың түрлі көрінісінің алдын алу мақсатында, оның ішінде көрінеу жалған хабарлама беру жөнінде, мемлекеттік қызметшілердің, орта мектеп оқушылардың және студенттердің арасында құқықтық және тәлімдік ұйымдық насихат жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жәйттер аймақ тұрғындары көпшілігінің құқықтық сауаттылығы төмен екенін көрсетуде. Полиция қызметкерлері мекеме мен оқу орындарына барғанда осы тектес дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау екі жүзден бес жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны жайлы үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы кез келген азамат аталған қылмыстық іс-әрекеттер ауыр қылмыстардың санатына жататынын ескере отырып, бүгінгі күні қолда бар заманауи техникалық құралдармен терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама берген азаматтардың жүрген жерін және жеке басын анықтау қиындық тудырмайтынын білгені жөн. Облыс көлемінде халық арасында діни экстремизм мен терроризмді болдырмау және оның алдын алу мақсатында ОІІД Экстремизмге қарсы күрес басқармасы тарапынан мектептерде, студенттер және мемлекеттік қызметкерлер арасында терроризм актісі туралы жалған хабарлама беру жайлы түсіндірме жұмыстары тұрақты өткізілуде.
ОІІД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қызылорда облысының төңірегінде терроризмге қарсы күрес жөнінде халық арасында насихат жұмыстарын үнемі жүргізуде.