Тәжікстанның Душанбе қаласында үш күнге созылған әмбебап жекпе-жектен ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті. Аталмыш сайыста 90 келі салмақта қызылордалық Ердәулет Жеңіс осымен екінші рет алтыннан алқа тақты.
Ол жартылай финалда Иран спортшысын, финалда Тәжікстан спортшысын нокаутпен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Жас та болса өзінің еңбекқорлығының арқасында үлкен табыстарға қол жеткізіп келе жатқан Ердәулет әмбебап жекпе-жек спортынан 3 дүркін Әлем чемпионы, кикбокстан 8 дүркін Қазақстан чемпионы, жастар арасында Әлем чемпионы және Әлем кубогының қола жүлдегері.
Сонымен қатар, 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ҚР спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әліби Қалила үшінші орынды иеленді. Ердәулет алдағы қараша айында Мәскеуде өтетін Әлем чемпионатына дайындалады. Қос спортшыны жарысқа ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Олжас Акимов дайындады.