Ат бәйгесі өткізілді

Кеше Арал ауданы Шижаға елді мекенінде Ұлы Отан соғысы майданында қаза болған мұрқұм майдангер бабаларымызды еске алуға арналған ат бәйгесі (тай жарысы, құнан, топ және аламан бәйгелері) өткізілді.
Алдымен Тай бәйгесінде ауыздықтарымен алысқан 13 ат 2 айналым бойынша 6 шақырым қашықтыққа жүгірді. Сәйгүліктердің ішінен Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылынан келген Орынбасар Өтешовтың торы «Алтын тайы» бірінші келді. Ал Шижаға ауылының азаматы Серік Амановтың қосқан Көктай «Көкжалы» мәре сызығын екінші болып кесті. Жүлделі III орынды Қазалы ауданы Ақсуат ауылынан келген Тұрмағамбет Шайымовтың Қара көк «Талисманы» иеленді.
Құнан бәйгесінде 13 ат 4 айналым бойынша 12 шақырым қашықтықта жарыс жолына шықты. I орынды Аралқұм ауылынан Қосат Жұмамұратовтың қосқан Қаракер «Астра» атты тұлпары, II орынды Сазды ауылынан келген Аман Молдиевтың торы «Балақайы»,ал III орынды Көктем елді мекенінен келген Нұржан Абылғайыптың аты «Чики торы» иеленді.
Топ бәйгесі бойынша 6 айналым 18 шақырым қашықтықта 10 тұлпар бақ сынады. Бұл жарыста Шөмішкөл елді мекенінен келген Бексұлтан Нұрғалиевтың «Крутой» атты тұлпары топ жарды. Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылынан келген Уәлиев Ғалымның қосқан «Сыр сұлуы» күрең қасқасы екінші болып келсе, Шижаға ауылынан Жандәулетов Нұрболдың қосқан «Ақбақай» күреңі жүлделі үшінші орыннан көрінді.
Аламан бәйгесінде 8 айналым бойынша 7 тұлпар бақ сынады. I орынды Көктем елді мекенінен келген Елмағанбетов Байманның «Ақбақай» торысы иеленді. Ал Шиелі ауданы Бала би ауданынан келген Жаппар Айдардың күрең «Нарқызыл» аты мәре сызығын екінші болып кесті. Жүлделі III орынды Шижаға елді мекенінен Аманов Балтабайдың қосқан күрең қасқа «Ақ иек» аты иеленді.  
Ат бәйгесі жергілікті жердің қазақы аттары қатысқан Қазақы аламан бәйгеге жалғасты. I орынды Төреахметов Базаралының «Шаң тимес» атты Күрең қасқасы иеленді. Ал Ахметов Ертілеудің қосқан Қара аты екінші келсе, Асауов Құрақбайдың Ала аты III орынға табан тіреді.
Ат бәйгесінің барлық түрлерінде 5 жүлделі орын тағайындалды. Жеңімпаз және жүлдегер атанған шабандоздарға ауыл азаматтарының демеушілігімен тағайындалған жүлделер тапсырылды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 мамыр 2019 г. 972 0