Белсенділік биікке шығарады

«Жастары белсенді елдің, ертеңі еңселі». Талапты студенттердің басын қосқан форум осылай аталады. Маңызды шараны М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі ұйымдастырды.
«Жастар жылы» аясында өткізілген бұл басқосудың форматы бұрынғы жиындарға қарағанда өзгерек болды. Оған  аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беру оқу орын­дарының көшбасшы жас­тары, ұстаздар қауымы қатысты. Шара барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Шынтасов өңірдегі білім саласының дамуына тоқталып, еңсерген биік пен жеткен жетістіктердің көп екендігін атап өтті. Осы ретте «Worldskills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының жеңімпаздары қатарынан көрінген колледж студенті Дияс Фазылов пен Қазақ гуманитарлық заң және тех­ни­калық жоғары кол­леджінің студенті Константин Цагаловқа «Medallion for Excelle» медалін табыстады.
Мұнан соң «Жас сарбаз» қозғалысы мен «Мейірім» еріктілер қоғамының мүше­ле­рі, «Жас маман» жоба­сы­ның, «Дипломмен – ауыл­ға!» бағ­дарламасы­ның  қатысушы­лары сөз алып, мемле­кет ұсынған мүмкін­дік­­­тер­дің же­міс­ті екенін жет­кізді.  «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес биылғы жылдың «Жастар жылы» ретінде жариялануымен құттықтап, мемлекеттің қозғаушы күші санала­тын замандастарына қолдау толастамайты­нын айт­ты.
– «Жастар жылы» енді ғана басталды. Барлық ұйымдар белсенділік танытуда. Жастар да потенциалын көрсетуге асық. Оның үстіне қазір өзіңді-өзің дамытуға мүмкіндік көп. Тек жалқаулыққа бой алдырмай, оны тиімді қолдану керек. Себебі, талантты да дарынды, білімді де білікті жастардың күш біріктіруінің арқасында біз жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. Артылған сенім баршамызға зор міндет жүктеп отыр. Ал, сенім үдесінен шығуға әлеует те, көрсетілетін қолдау да жеткілікті, – деді Т.Тілес.
Шара соңында форумға қа­тысушылар аймақтың студент жастарына үндеу жолдады. Сонымен қатар колледждің барлық көшбасшыларына «Жас­тар жылының»  естелік стелласы тапсырылып, көрер­мен назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 мамыр 2019 г. 350 0