Отандық өнімнің орны бөлек

Шағын және орта бизнесті ілгерілету, отандық өнімнің қатарын көбейту арқылы аймақ экономикасын дамыту – қазіргі басты міндеттің бірі. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен «Қызылордада жасалған» тауарлар көрмесі осыны мақсат етті. Көрме сөрелерінен «Аралтұз» серіктестігінің, ел ризалығына кенелген «РЗА» акционерлік қоғамының азық-түлік өнімдері, ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік бұйымдар, «Далатекс» ерлер жейдесі, құрылыс заттары орын алды. Көрмені тамашалағандардың арасында Нұр-Сұлтан қаласынан келген тұрғындар да кездесті.

Шара барысында Айбибі Өтегеннің ерлер жейдесіне бірден көзі түсіпті. Оның айтуынша, бұл өнімнің сапасы Түркияның жоғары сұраныстағы бренд тауарларынан кем емес.

– Еңбек демалысын пайдаланып, туған жерге келген болатынмын. Жақындарымның арқасында осындай маңызы зор шарадан табыла кеттім. Көрмеде таңдауым «Далатекс» жейделеріне түсті. Аймақ кәсіпкерлерінің осындай игі істерді қолға алып, кәсібін дөңгелентіп отырғанына іштей қатты риза болдым, – деді ол. 

Елбасы Жолдауында кәсіпорындарға халық тұтынатын тауарлардың кең ауқымын, «қарапайым заттар экономикасын» игеруді тапсырғаны белгілі.  Бұл ретте ішкі нарықты өз тауарларымызбен толтыруға талпыныс жасап жүрген жергілікті компаниялардың еңбегі шынында да мақтауға тұрарлық.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 сәуір 2019 г. 1 032 0