Кеше, 16 маусымда Қызылордада облыстық филармония жанынан аймақ басшысының қолдауымен құрылған камералық оркестр тұсаукесер концертін өткізді. Премьераны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тамашалады.
Оркестр әлемдік және қазақ халқының туындыларын орындады. Аспап пен адам, саз бен сана, рауан ырғақ, иірім мен үйлесім кештің көркін қыздырды. Өнерпаздар Камиль Сен-санстың «Лебедь», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан би, Иоганн Себастьян Бахтың «Ария», Астор Пьяцоллоның «Либертанго», Кристоф Глюктің «Мелодия», Вольфганг Амадей Моцарттың «Маленькая ночная серенада», Арам Хачатурянның «Қылышпен билеу», Джулио Каччинидің «Аве Мария», Джузеппе Вердидің «Сицилия кешінен Еленаның болеросы», Е.Хасанғалиевтың «Нұрлы таң», Джакомо Пуччинидің Джанни Скикки операсынан «Лауреттаның ариясы», Евгений Дога «Вальс», К.Күмісбековтің «Поэма», Ғазиза Жұбанованың «Мерекелік күй» шығармаларын жоғары деңгейде орындады.
«Қоңыр дауыс, күмбірлеген күй кешке жиналған көрерменге рухани демалыс сыйлады. Камералық оркестрдің бұл алғашқы бағдарламасы. Алдағы уақытта репертуарларын толықтыра түседі» деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.