Әлеуметтік бірлікті нығайту үшін медиацияны толыққанды пайдалану қажет - Нұрсұлтан Назарбаев

Әлеуметтік бірлікті нығайту үшін медиация институтын толыққанды пайдалану қажет. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

"Әлеуметтік бірлікті нығайту үшін медиация институтын толыққанды пайдалану қажет. Ассамблея қамқорлығымен 800-ден астам қоғамдық медиатор жұмыс істейді. Олардың белсенді араласуының арқасында тек өткен жылдың өзінде ғана  20 мыңға жуық медиациялық келісім жасалды. Яғни, даулар қандай да бір ушығуға жол берілместен адамдар арасында шешілді. Түрмеге ешкім отырған жоқ. Түрме адамды жақсылыққа  тәрбиелемейді, одан жақсы адам шықпайды", - деді Елбасы.

ҚР Тұңғыш Президентінің  атап өтуінше, медиация институты сот жүйесінде, денсаулық сақтау, білім саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. 

"Қазіргі уақытта медиация институтын кез келген даулы мәселенің алдын алуға және шешуге бағыттау маңызды. Кез келген түсініспеушіліктің кейін туындауы мүмкін салдарын жойғаннан гөрі оны ымыраға келу арқылы алдын алған дұрыс", - деді Н.Назарбаев.

Еске сала кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтіп жатыр.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 сәуір 2019 г. 360 0