Өтіп бара жатқан аптада бірқатар министрліктерде және облыс әкімдіктерінде тағайындаулар болды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындаулар шолуын оқырман назарына ұсынады. Орталық басқару органдарында Мемлекет басшысының Өкімімен Бауыржан Тортаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бауыржан Қадырұлы Тортаев 1967 жылы дүниеге келген. 1991 жылы С. Орджоникизде атындағы Мәскеу мемлекеттік басқару академиясын «инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1991 жылы Семей тауар-шикізат биржасының ақпараттық-анықтамалық орталығының маманы болып бастаған. Әр жылдары Семей қаласында, Шығыс Қазақстан облысында және орталық органдарда лауазымды қызметтер атқарған. Бұл тағайындауға дейін ҚР Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы болған.
ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы болып Әбілқайыр Сқақов тағайындалды.
Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақов 1974 жылы Павлодар облысында туған. Ақмола қаржы-экономикалық техникумын (салық бойынша қаржыгер, 1995); Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін (экономист және қаржыгер, 2000); Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын (бакалавр-заңгер, 2004); М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін («Master of Business Administration» іскерлік әкімшілік шеберінің дәрежесі, 2017) аяқтаған. Мемлекеттік қызметтегі жалпы тәжірибесі - 24 жыл, оның ішінде басшылық лауазымдарда 15 жыл еңбек еткен. Соңғы тағайындауға дейін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары (экономика және қаржы бойынша) болған.
Сонымен бірге, бұл аптада Абай Сарқұлов «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.
Абай Серікұлы Сарқұлов Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін («Банк ісі») бітірген. Банк саласындағы кәсіби қызметін 2003 жылы валюталық операциялар менеджері болып бастаған. 2006 жылдан бастап 2007 жылға дейін «Алматы Халықаралық Банкі» АҚ филиалында директор орынбасарының міндетін атқарушы болды. 2007 жылы «ҚДБ» АҚ Жобаларға кредит беру басқармасының менеджері қызметіне тағайындалды. Кейінгі жылдары бас менеджер, басқарма бастығы, Жобалық дирекция басшысының орынбасары, «ҚДБ» АҚ Жобалық дирекциясының басшысы қызметтерін атқарды. 2015 жылғы 15 маусымнан бастап - «ҚДБ» АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі. 2016 жылғы 15 сәуірден бастап - «ҚДБ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары. 2017 жылдың ақпанынан - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы.
Президент Өкімімен Болат Дембаев Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Болат Бекназарұлы Дембаев 1965 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Түрлі жылдары ҚР Бас прокуратурасының департаменттерін басқарған. Астана қаласының прокуроры болған.
Сонымен бірге, ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Бауыржан Мырзакеров Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры болып тағайындалды. Бауыржан Мырзакеров 1975 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Прокуратура органдарындағы қызметін 1997 жылы Бас әскери прокуратурасы Қапшағай гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары Шымкент гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, Сарыөзек әскери округы әскери прокурорының орынбасары, Өскемен, Қапшағай гарнизондарының әскери прокуроры, Бас әскери прокурордың орынбасары, Павлодар облысы прокурорының орынбасары болып істеген. 2018 жылдың мамырынан ҚР Бас прокуратурасы заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағаулау қызметінің бастығы болған. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 21 жылдан асады.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімен Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Ержан Сәденов тағайындалды.
Ержан Сапарбекұлы Сәденов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің жоғарғы мектебін бітірген. Ішкі істер органдарында 1993 жылғы шілдеден бастап орта және аға басқарушы құрамның әртүрлі жедел лауазымдарында қызмет атқарған. Басшылық лауазымдардағы тәжірибесі мол. Әр жылдары Риддер, Өскемен қалалық полиция басқармаларының, Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, Маңғыстау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, ІІМ Жедел департаментінің бастығы, Көліктегі полиция департаментінің бастығы болып қызметті етті. 2016 жылғы маусымнан аталмыш тағайындауға дейін ҚР ІІМ Ақмола облыстық полиция департаментінің басшысы лауазымын атқарды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Ерлан Каналимов тағайындалды. Ол әлеуметтік қорғау, жастар және ішкі саясат, ақпарат, мәдениет, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт мәселелеріне жауапты болады
Ерлан Ермекұлы Каналимов 1982 жылдың 22 тамызында Целиноград қаласында туған. Білімі жоғары, 2003 жылы Астана қаласының Басқару институтын «экономист» мамандығы бойынша, 2007 жылы Қазақстан-Ресей университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадр бөлімінің бас маманы ретінде бастады. 2005 жылы Сарыарқа ауданы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2005-2006 жылдар аралығында Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадр бөлімінің басшысы болды. 2006-2007 жылдары - Сарыарқа ауданы әкімінің кеңесшісі. 2007-2009 жылдары - Астана қаласы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі. 2009-2013 жылдар аралығында - Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары. 2013-2015 жылдар аралығында - «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы-баспанасы» КММ директоры. 2015-2018 жылдар аралығында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. 2018 жылдың 20 наурызынан бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі қызметін атқарды. Үйленген, 4 баласы бар.