« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Сейсенбіде елімізде кең ауқымды денсаулық акциясы басталды. «Медицина жанымызда!» ұранымен өткізілетін шара 6 мамырға дейін жалғасатын болады.
Оның мақсаты – ауруханасы жоқ шалғай ауылдар мен елді мекен тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрігерлерден құралған бригадалар арқылы медициналық және консультативті көмек көрсету, келер жылдан бастап қолданылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы кеңінен ақпарат беріп, жаңа жүйенің ерекшеліктері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Өңірімізде аталған акция Сырдария ауданындағы Қалжан ахун ауылынан бастау алды. Бұл күні медициналық бригада құрамындағы жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатр, терапевт, хирург, невропатолог, кардиолог, эндокринолог, стоматолог мамандар тұрғындарды қабылдады. Дәрігерлік тексеру барысында келушілердің қан қысымы өлшеніп, қандағы қант пен холестерин мөлшері анықталды және флюорографиялық, электрокардиограммалық тексерулер жүргізіліп, ультрадыбыстық зерттеулер жасалды.
Бұл жерде фельдшерлік акушерлік пункт болғандықтан дәрігер жоқ, тек фельдшер жұмыс жасайды. Сондықтан мамандар кеңестер беріп, саламатты өмір салтын ұстануға шақыруда,–деген Сырдария аудандық емханасының кардиолог дәрігері Гүлзат Тыныштықбаева шара басталғалы 1 сағат көлемінде 10-нан астам тұрғын қаралғанын, қан қысымы көтеріліп келгендеріне алғашқы көмек көрсетілгенін де айтты.
Акция аясында медициналық тексеруден өтуге арнайы келген ауыл тұрғыны Гүлжәмилә Досығұловамен тілдескен едік. Екі жылдан бері жүрек ауруынан есепте тұратын зейнеткер шараны ұйымдастырушыларға риза екенін жеткізді.
– Ауданнан дәрігерлер келеді дегенді естіп таңертең осы жерге ертерек келдім. Өзім екі жылдан бері жүрек ауруынан есепте тұрамын. Қан қысымым жиі көтеріліп кетеді. Жаңа да көтеріліп тұр екен. Дәрігерлер қарап, алғашқы көмек көрсетті, дұрыс тамақтану, ем-шаралар туралы кеңес берді. Кардиологтан басқа да мамандарға қаралдым. Бұл дәрігері жоқ біздің ауыл тұрғындары үшін өте тиімді шара болды деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет,– деді ол.
Жалпы, Сырдария ауданына қарасты 14 ауылдық округте тұратын 36 мыңнан астам тұрғынға аудандық аурухана, емхана, 3 фельдшерлік акушерлік пункт, 1 медициналық пункт және 9 дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді, оларда 700-дей адам жұмыс жасайды, оның ішінде 85-і дәрігер. Аудан облыс орталығына жақын болғанымен, 13 аудандық округтің алтауы Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан. Бұл өз кезегінде тұрғындардың аудандық емханаға дер кезінде қаралуына кедергі келтіреді. Сонымен бірге ауылдық амбулаторияларда жоғары білімді дәрігерлер жетіспеушілігінің де бары жасырын емес.
– Өткен жылы ауруханада жаңадан 5 бөлімше ашылды. Олар қабылдау, оңалту, мейіргерлік күтім, гинекология бөлімдері және екінші деңгейлі перзентхана. Ал емханада профилактикалық бөлім, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабинет және CaII орталығы ашылды. Қазіргі таңда құрамында тар буынды мамандар, психолог, әлеуметтік қызметкерлер бар мобильді топ құрылып, 14 елді мекенге шығып, көмек көрсетті. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар бізде үздіксіз жүргізіліп келеді. Тек бұл акция аясында емес, біздің мобильді топтар сенбі күндері кесте бойынша ауылдарды аралап көмек көрсетеді және медициналық кепілді көмек бойынша тегін дәрі-дәрмектер, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, саламатты өмір салтын ұстану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу жолға қойылған,– деді аудандық орталық аурухана бас дәрігері Нұржамал Мырзағалиева.
Аталған акцияның аймағымызда басталуына орай өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |