Жаңашыл бағыттағы жұмыстар насихатталды

Бүгін облыс орталығындағы «Ер Тарғын» балабақшасында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда түбегейлі жақсартуда жаңашыл бағыттағы жұмыстарды насихаттау» тақырыбында қалалық семинар өтті. Шараны қалалық білім бөлімінің №2 аймақтық әдістемелік бірлестігі ұйымдастырды.

Оған Қызылорда қалалық білім бөліміндегі аймақтық бірлестікке қарасты мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың әдіскерлері мен тәрбиешілері қатысты. Семинарды ашқан бірлестік жетекшісі  Қ.Қарақұлова мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда жаңартылған білім беру жүйесінің маңыздылығына тоқталды. Балабақшадағы балалардың білім мен білік  дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларға табиғат туралы қарапайым білімді меңгертіп, қоршаған ортаны бейнелі қабылдай білуді  қалыптастыру керектігі айтылды.

Шара «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында мюзиклмен ашылды. Семинар  барысында  Нұр-Сұлтан  қаласындағы «Зияткер» балабақшасының педагогтарымен Оnline режимінде кездесу ұйымдастырылды. Мұнан соң «Көктем келді» («Весна пришла») тақырыбы бойынша орыс тілі маманы жұмыс жүргізіп, тәжірибе алмасты. 

Балабақшадағы «Ботақан», «Балдырған» ересектер тобы және «Балауса» ортаңғы  топ  тәрбиеленушілері «Қорқыт ата – ұлы тұлға», «Ерен  туған  Ер Тарғын батыр» тақырыптарында жоба қорғады. Сондай-ақ, «Қорқыт туралы  аңыз» тақырыбында  қойылымдар қойып,  өнерлерін ортаға салды. Бұған қоса, шығармашылық білім беру саласы бойынша инновациялық технологияларды  қолдана отырып, мүсіндеу, жапсыру, сурет оқу қызметтері  көрсетілді. Балабақшадағы ересектер тобының балаларымен «Ментальды арифметика», «Робототехника» үйірмелері бойынша жұмыстар жүргізіліп, жаңашыл бағыттағы жұмыстарды насихатталды.

«СБ» ақпарат.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 сәуір 2019 г. 750 0