Жалған хабарлама берген оператор құрықталды

 30 наурызда сағат 04:30 шамасында қалада орналасқан газ құю бекетінің жұмысшысы, 25 жастағы азамат, сол бекет алдында белгісіз біреулер қорқытып, мекемеге тиесілі 263 000 теңгесін тартып алып, оқиға орнынан бой тасалағандығы жөнінде арызданған.
Түскен арыз негізінде қалалық Полиция басқармасымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен (тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған болатын.
Осыдан кейін, 7 сәуірде таңғы уақытта жоғарыда аталған газ құю бекетінің алдында, беттеріне бетперде киген белгісіз екі азамат қайтадан сол мекеме жұмысшысын пышақпен қорқытып, мекемеге тиесілі 240 000 теңгесін тартып алып, оқиға орнынан бой тасалағаны жөнінде 102 арнасына хабарлама түскен.
Аталған хабарлама  бойынша тез арада оқиға басына жедел тергеу тобы жіберілді.  
Полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде зерделеу барысында хабарламашы жалған хабарлама бергендігін анықтады. Нәтижесінде екі дерекке қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың мүлдем орын алмағанын, өз кезегінде өзі алған ақшаны құмар ойындарда ұтылып, заңсыз іс-әрекетін жасыру үшін жалған хабарлама бергендігін көрсетіп жәбірленуші өзінің берген арызынан бас тартқан. Бұл ретте, азамат осы бекеттің операторы мен күзетші қызметін қоса атқарғандығы анықталды.
Қазіргі таңда құрықталған тұлғаға қарсы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 1-бөлігімен (сеніп тапсырылған бөтен бүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) және жалған хабарлама беру дерегі орын алуына байланысты 419-бабының 3-бөлігімен (пайдакүнемдiк ниетпен жасалған көрiнеу жалған сөз жеткiзу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Күдікті тұлғаның кінәсі дәлелденген жағдайда сот шешімімен үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі



ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 сәуір 2019 г. 451 0