« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
«Тарих парағын зерделеген сәт». Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған байқау көрмеден осындай ой түйгенбіз. Аудан көлемінде орналасқан барша тарихи-мәдени ескерткіштерлі насихаттау, көпшілік назарынан тыс қалған ескерткіштерді паш ету, бабалардың өмірін өскелең ұрпаққа жеткізу арқылы жастарды Отаншылдыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелеуді көздеген көрмеге кент, қала, елді мекендерден қатысқан талапкерлер ескерткіштердің тарихын толыққанды баяндады.
Шараға ҚЖО сыйлығының лауераты Ж. Айдарбекұлы, Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің мұғалімі, тарихшы-зерттеуші Бақытжан Түменбаев, аудандық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Жанат Тілеуқабыл қазылық жасады. Алғашқы сөз кезегін алған Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев бүгінгі күннің 2004 жылдан бастап қолға алынған Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаты - елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді жаңғырту, Қазақстанның мәдени мұрасын шет елдерде насихаттау екенін, дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілгенін, Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш барын, Қазалы жерінде республикалық, жергілікті маңызды, алдын ала тізімге енгізілгені бар 99 тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқанын атап өтті.
Көрме барысында аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мереке ажарын шырайландыра түсті. Барша байқауға қатысушылар Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломымен марапатталып, ерекше дайындықпен келген Басықара ауылдық клубының меңгерушісі Лаура Шайхиева, Үрмәш Түктібаев ауылындағы №88 мектеп оқушысы Гүлсая Бағдәулетова, Қазалы қаласының тұрғыны Өмірбек Күлімбетов арнайы дайындалған бағалы сыйлықты иеленді.
Бүгінгі жоғары деңгейде өткен көрме байқауға кент, қала өзге де ауылдарға қоса Тасарық, Сарбұлақ, Өркендеу, Түктібаев, Бекарыстан би тәрізді шалғайдағы қоныстардан талапкерлер қатысып жатқанда, таяқ тастамдағы Жалаңтөс батыр, Құмжиек, Мұратбаев, Абай елді мекені мен Бірлік, Қазалы, Майдакөл ауылының қалыс қалуын түсіне алмадым. Осы ретте «Әрбір өлкенің ыстығына сая, суығына пана болған әулие, батыр, ғұлама перзенттері бар. Олардың есімін ұрпақтары білуге тиісті» деген даналық лебіз ойға оралғанын, несіне жасырайын?! Ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізер кез-келген жайт, ауыл тізгінін ұстаған азаматтардың қаперінде жүрсе екен дейміз.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |