
Қызылордада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XХIV конференциясы өтті. Жиынды ашқан облыс әкімі, филиал төрағасы Қырымбек Көшербаев жауапты науқанды ұйымдастыру және өткізу жұмысын бірлесе атқаруға шақырды.
– Біз қазір мемлекет тарихындағы тағдырлы таңдау, сындарлы сәттің алдында тұрмыз. Тәуелсіз Қазақстанның архитекторы, еліміздің іргетасын қалап, шаңырағын тіккен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өкілеттілігін тоқтатып, Конституцияға сәйкес мемлекет тізгінін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырғанын білесіздер. Біз осылайша ел өміріндегі саяси сабақтастық пен ұрпақтар үндестігінің куәсі болдық. Ал алдағы саяси науқан – елдігіміз бен бірлігімізді, тұстастығымыз бен әлеуметтік тұрақтылығымызды танытатын кезең, – деді аймақ басшысы.
Конференцияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндамашылар кезектен тыс Президент сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді. «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева Президент үндеуін қазақстандықтардың ризашылықпен қабылдағанын, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім уақыт талабымен үндесетінін айтты.
– Елдегі соңғы өзгерістер мен қоғамдық-саяси жаңалықтарды елеусіз қалдырмайтын ардагерлер наурыз айындағы билік транзитінің жаймашуақ қалыпта жүзеге асқанына риза. Отандастарымыз ғана емес, төрткіл дүние құлақ түрген шешім – Елбасының мемлекет абыройын асқақтатып, болашағын жарқын етуді ойлағанынан туған бірден-бір дұрыс жол. Халық аталған өзгерістерді түсіністікпен қабылдап, қолдау білдіруде, – деді С.Дүйсенбаев.
Одан кейін Елбасының партияның кезекті ХVІІІ съезінде берген тапсырмаларының орындалу жайы сөз болды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы» жобаларының маңызына тоқталды.
Ал «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сектор» бағытындағы аймақтық комиссиясының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты, «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Мақашов «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобалары аясында атқарылған жұмысты баяндады.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыты аясында жоспарланған 9 коворкинг орталығының 8-і ашылды. Биыл 41 мектептің, 20 аулалық спорт алаңы жаңғыртылады. Ауылды кадрмен қамтамасыз ету бағытында дипломмен ауылға мамандар тарту мүмкіндіктері қарастырылуда. Ауылда жастар кәсіпкерлігін дамыту – басым бағыт. Осы орайда биыл 83 жастың 22 шаруа қожалығында тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалып отыр, – деді Б.Мақашов.
Жиын соңында ашық дауыспен партия съезіне 30 делегат сайланды. Аймақ басшысы саяси науқан кезінде жетекші партияға жүктелер жүк пен жауапкершілік салмағы арта түсетінін атап өтті.
Назерке САНИЯЗОВА.