Ұлттық ұлан жауынгерлері әйелді өрттен алып шықты

Ұлттық ұлан жауынгерлері Атырауда әйелді тұрғын үйдегі өрттен құтқарды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше кешкісін орын алған. «Водник» кентіндегі жеке үйден сағат 18.30 шамасында өрт шыққан. «Бекіре-2019» жедел алдын алу шарасынан қайтып келе жатқан жауынгерлер түтінді байқап қалады. Құрамында 5546 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальонының штаб бастығы, аға лейтенант Акбарали Ахмадалиев, қатардағы жауынгерлер Мади Битоханов, Аманжол Ермахан бар топ оқиға орнына жетісімен өрт жөнінде жедел хабарлап, құтқарушыларды күтпестен көмекке ұмтылған. Әуелі түтін толы үйден әйелді алып шыққан. Сосын заттарды шығарған. Ұлттық ұлан жауынгерлері өрт сөндірушілер келгенше, «тілсіз» жауды ауыздықтауға тырысқан. Кейін үй иесі - Эльмира есімді әйел Ұлттық ұлан жауынгерлеріне алғысын білдірді.
 «Батыл қимылдаған жауынгерлер мінсіз қызметтің үздік үлгісін көрсетті. Ұлттық ұлан сарбазы осындай болуы тиіс», - деді 5546 әскери бөлім командирі, подполковник Мақсат Баймағұлов.
Бөлім командирі қырағылық пен батылдық танытқаны үшін аталған жауынгерлерді көтермеледі. 




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 сәуір 2019 г. 686 0