В ТОБЫ. 1 ТУР
В тобында сенсациялық жағдай орын алды. 2010 жылы әлем чемпионы атанған Испания доп додасын сәтсіз бастады.
Испания – Голландия – 1:5
Доп соққандар: Алонсо, 27 (1:0, пен); ван Перси, 44 (1:1); Роббен, 53 (1:2); де Врей, 65 (1:3); ван Перси, 72 (1:4); Роббен, 80 (1:5).
Ескерту алғандар: Касильяс, 65 – де Гузман, 25; де Врей, 41; ван Перси, 66.
Футболдан 2010 жылғы әлем чемпионы – Испания құрамасы биылғы доп додасындағы алғашқы кездесуінде ойсырай жеңіліп, айтулы аламандағы тұңғыш сенсацияны тіркеді. Олар дүние жүзіндегі мықты құраманың бірі саналатын Голландияға 1:5 есебімен есе жіберді. Жанкүйерлер испандардың өте әлсіз ойнауына таңданыс білдіріп отыр. Енді олар алдағы екі матчта – 18 маусымда Чили, 23 маусымда Австралияны тізе бүктірмесе, елдеріне ертерек қайтып кетуі әбден мүмкін. Доп додасының басты фавориті атанған құрамаға осылайша сын сағаты туып тұрған жайы бар.
Чили – Австралия – 3:1
Доп соққандар: Санчес, 12 (1:0); Вальдивия, 14 (2:0); Кэхилл, 35 (2:1); Босежур, 90+2 (3:1).
Ескерту алғандар: Арангис, 86 – Кэхилл, 44; Единак, 58; Миллигэн, 67.
Оңтүстік Америка құрлығының атынан сынға түсіп жатқан Чили де біріншіліктегі бірінші кездесуді жеңіспен бастады. Олар жасыл құрлықтың өкілдері – Австралияны 3:1 есебімен тізе бүктірді. Доп додасы басталардың алдында мамандар осы екі құраманы топтағы соңғы екі орынды иеленуі ықтимал деп болжам жасаған еді. Дегенмен, қашанда намысты қолдан бере қоймайтын чилиліктер өзгеге оңай шағыла қоймайтын жаңғақ емес секілді. Оны алдағы ойындарда көре жатармыз.
Турнирлік жағдайы: Голландия – 3, Чили – 3, Австралия – 0, Испания – 0.