Қанат Ислам қашан рингке шығады

Бірінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам ҚазАқпаратқа сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. 


«Өткен жылы маңызды айқас алдында аяғымды жарақаттап алып, жекпе-жек кейінге қалғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Содан бері ем-дом қабылдадым. Ұзақ үзіліс болды. Жанкүйерлерім де менің айқасымды сағынып қалғаны анық.  Қазір Аллаға шүкір, денсаулығым қалпына келе бастады. Содан мен де Алматыдағы AIBA бокс академиясында жайлап жаттығуымды бастап кеттім», - деп бастады Қанат Ислам әңгімесін. «Жекпе-жек қашан?» деген ҚазАқпарат тілшісінің сауалына ол: 
«Жақында белгілі болады. Негізі, осыған дейінгі жоспарым - елорда күніне орай бас қаламызда бір айқас өткізем деп ойлағам. Бұйырса, оның алдында АҚШ-та бір кездесу болуы мүмкін. Осыдан бірер күн бұрын АҚШ-тағы промоутер Эгис Климаспен сөйлестік, ол Америкада жекпе-жек ұйымдастыруға мүмкіндіктер қарастырып жатыр. Ол жақын арада сол жақтағы жұмыстарды нақтылап, бізге жауабын береді. Тағы бір қолға алып жатқан ісіміз - америкалық жаңа бапкермен сөйлесіп жатырмыз. Оның есімі көпке таныс - жартылай салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Роберто Гарсия. Бұл бапкермен тіл табысып жатсақ, ары қарай жекпе-жектер жалғасатын болады», - деп жауап берді. Естеріңізге сала кетейік, «QAZAQ» Ислам (25-0, 20 КО) соңғы жекпе-жегін 2017 жылы 9 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда канадалық Брэндон Кукпен (20-2, 13 КО) өткізіп, нокаутпен жеңіске жеткен болатын.    


Дереккөз: inform.kz

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 сәуір 2019 г. 490 0