Қызылорда қаласының бюджеті биыл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға ұлғайтылып, 36 млрд. 363 млн.теңгені құрады. Оның ішінде қаланың өз кірістері 2 есеге өсіп, жалпы бюджет кірісінде 45,3 пайызды құрады.
Аталмыш қаржылардың басым бөлігі, яғни 35 пайызы – білім, 30 пайызы – коммуналдық шаруашылық, 22 пайызы құрылыс саласына бағытталуда. Биыл қалада «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 680 азамат кәсіптік және қайта даярлау курстарынан өтіп, 457 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен, 370 жас маман «Жастар тәжірибесімен» қамтылады.
Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, бағдарлама аясында жыл ішінде 6 білім ошағына (5 мектеп, 1 балабақшада) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 94 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Азаматтардың өз ісін ұйымдастыруына мүмкіндік беретін екінші бағыт негізінде бөлінген қаржыға биыл жыл ішінде 171 қызылордалық өз кәсібін ашады деп жоспарлануда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамдық ортаға бейімдеу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қалада 7 аула клубы ашылды. І жартыжылдықтың соңына дейін 230 мүмкіндігі шектеулі азаматты тұрақты жұмыспен қамту көзделуде.