
Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу – уақыт және қоғам талабы деп түсінемін. Теледидардан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін тыңдадық, көңілге түйген көп нәрсе де бар. Елімнің азаматшасы ретінде тәуелсіз қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісін салыстырып, көп ой түйгендей болдым.
Білім мен ғылымда озық ойлы оқушыларымыз әлемде топ жарып, Еуропа мен басқа құрлықтағы теңдессіз оқу орнын бағындырған шәкірттер бізде көп. Мәдениет пен әлеуметтік ахуал қарыштап дамуда. Болашақта да біздің Тәуелсіз Қазақстанның алар белесі зор деп сенемін. Бізге ең бастысы – ел тыныштығы. Бұл үндеу еліміздің бағытын айқындай түсетін тарихи жағдай.
Шындап келгенде, біз, мұғалімдер болсын немесе басқа да сала мамандарын айтсақ та, елдегі демократиялық мәдениеттің орнығып, қалыптасуына бәріміздің де қосар үлесіміз бар. Сондықтан да әрбір қазақстандық саналы түрде сайлауға қатысуы қажет. Осы ынтымақ пен бірлікті сақтай отырып, алға қарай адымдай беру біздің асыл мұратымыз деп түсінгеніміз абзал.
Мөлдір АҚЫНБЕКОВА,
С.Сапарбеков атындағы
№125 жалпы орта мектеп мұғалімі