Қызылордадағы «Жасыл ел» көлікпен қамтылады

Қызылордадағы «Жасыл ел» көлікпен қамтыладыБүгін, 13 маусымда Қызылордада ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХVІІІ көшпелі отырысы өтті. Жиында жастардың жұмыссыздық мәселеcі және «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Аймақ басшысы республика бойынша алғашқылардың қатарында өңірімізде жастар саясатын дамыту бойынша 2014-2015 жылдарға арналған «Жол картасы» қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ, маргинал жастармен жұмыс жасау механизмі жасалды. Салааралық іс-қимыл жоспары бекітіліп, әрбір жастың қоғамда өз орнын табу үшін әлеуметтік лифті қалыптастырылуда.
Елбасы тапсырмасымен 2005 жылдан бері «Жасыл ел» бағдарламасы жұмыс жасауда. Оған қоса, «Студенттік құрылыс» еңбек жасағы құрылды. Бұл, өз кезегінде жастарды еңбекке баулуға үлкен мүмкіндік. 
– Бастысы жастайынан еңбекке дағдыланған адам өмірде өз орнын таба алады. Ал «Жасыл ел» мен «Студенттік құрлыс» жасағы білім мен еңбекті ұштастыруға таптырмас құрал, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Жиын барысында аймақ басшысы «Жасыл ел» еңбек жасағының штабына және облыстық жастар ресурстық орталығына алдағы уақытта жұмыстарын тиімді ұйымдастырылуын қолдау мақсатында арнайы автобус пен жеңіл автокөлікпен қамтылатынын айтты. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асу барысын баяндады. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағдарлама қолға алынғаннан бері 44 миллион астам түп ағаш отырғызылып, 111 625 гектар жер көгалдандырылды. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штаб жетекшісі Рахат Хамидуллин бағдарламаның үш жылдық бюджетін жасақтауды ұсынды. 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 маусым 2014 г. 929 0