Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордада тұрғын үй құрылысымен танысты

Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәйтерек» шағын ауданындағы тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға арналған «Баламекен» жобасы негізінде салынған. Сыр өңірінде аз қамтылған және көпбалалы 150 отбасы облыстық бюджет қаражаты мен қайырымдылық қорының көмегі арқасында тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Баспаналар бюджеттен - 50 және қор есебінен 100 отбасыға салынады. Баспананың 1 шаршы метрінің құны 70 мың теңге. Тұрғын үй құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланған. «Болат Өтемұратов қоры» тұрғын үйлерді салу бойынша «Баламекен» жобасының жүзеге асырылуына 450 млн теңге бөлді. Ал жергілікті басшылық бұл уақытқа дейін барлық инженерлік инфрақұрылымдар - электр, газ, су, телефон байланысы мен автожолдар құрылысын аяқтауға, сондай-ақ әрбір үйге 6 сотық жер телімін бөлуге кепілдік беріп отыр. 

Естеріңізге сала кетелік, 27 наурызда Үкімет үйінде өткен кеңес барысында Премьер-Министр Асқар Мамин көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуда Қызылорда облысын үлгі еткен болатын.  Естеріңізге сала кетелік, «Бәйтерек» шағын ауданы 2016 жылы ел игілігіне айналды. Онда 6 600 тұрғынға жер телімі берілген болатын.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 сәуір 2019 г. 338 0