Кикбоксингтен еліміздің жасөспірімдер құрама командасы Шымкент қаласында аяқталған Қазақстан біріншілігінен 3 алтын, 2 күміс, 4 қола медальді олжалап қайтты.
Оған еліміздің әр өңірінен 2000-2001, 2002-2003 жылдары туылған 350-дей спортшы қатысты. Жарыс кикбоксингтің фул-контакт жүйесі бойынша өткізілді. Нәтижесінде 36 келі салмақ дәрежесінде Ерсұлтан Гажден (2000 ж.), 30 келіде Диас Қарменов (2002 ж.) алтыннан алқа тақты. Ал 39 келіде өнер көрсеткен Данияр Омар (2000 ж.) осымен үшінші рет ел чемпионы атанды. 14 жас аралығында 57 келіде Мұхаммед Бекпенбет пен 60 келіде Ербол Серғалиұлы күміс жүлдені иеленсе, 27 келіде Диас Иманмуса (2003 ж.), 30 келіде Дамир Айдосұлы (2002 ж.), 45 келіде Жансерік Файзуллаев (2002 ж.) және 51 келіде Ғазиз Қапез (2000 ж.) қола жүлдеге қол жеткізді.
Спортшылардың барлығы №1 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде жаттығады.
Қайрат Байқуатов, кикбоксингтен жаттықтырушы:
Жарысқа Қызылорда облысынан 14 спортшы қатысып, оның тоғызы жүлделі орындарды иеленді. Қазірде балалардың бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары. Жерлестеріміз енді алда болатын халықаралық жарыстарға қатысады.
Диас Қарманов 12 жаста, кикбоксингтен Қазақстан чемпионы:
Менің кикбоксингпен айналысқаныма 3 жыл болды. Жарыс кезінде Астана, Атырау, Ақтөбе, Петропавл қалаларының спортшыларымен 4 жекпе-жек өткізіп, барлығын да жеңіспен аяқтадым. Біздің осындай жетістікке жетуіміз бапкерлеріміздің арқасы деп білемін. Мұндай жарыстардың жиі өткізілгені бізді қуантады.