Парадзюдо: Қызылордада алғаш рет

Кеше Қызылордада “Мұз айдыны”  спорт кешенінде парадзюдодан халықаралық ашық турнир өтті. Оған  елімізден бөлек, Грузия, Румыния, Біріккен Араб Әмірлігі, АҚШ мемлекеттерінен келген 100-ге жуық спортшы қатысты. Шараны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов ашты.

– Мұндай жарыс Сыр елінде бірінші рет өтуде. Белдесуге дайындық деңгейі жақсы. Бүгінде пара­дзюдо бойынша өңір жастарының жеткен жетістіктері көңіл қуан­­тады. Әлем чемпио­ны Олжас Оразалыұлы, Азия ойындарының күміс жүл­дегері Азамат Тұрым­бетовтің жеңістері аймақ спортына соны серпін берді. Өткен жылы арнайы ашыл­ған клубта кәсіби түрде спорттың әр түрінен 300-ден аса спортшы айналысуда. Биыл 22 спорт кешені іске қосылатын болады, – деді басқарма басшысы.

Өз кезегінде ҚР парадзюдо федерациясының прези­денті Қанатқали До­салиев дзю­до­шыларға сәт­тілік тілеп, аймақ бас­шылығы мен Сыр жұрт­шылығына алғысын біл­дірді.

Облыстың спорт тарихында бірінші мәрте ұйымдастырылып жатқан дүбірлі бәсекеде палуандар 8 келі салмақта белдесті. Халықаралық турнирге қа­тысушылардың қата­рында  Қазақстан паралимпия спорты тарихындағы алғашқы Əлем чемпионы Олжас Оразалыұлы, Азия чемпионатының қола жүлдегері Дəулет Темір­жан, Əлем чем­пионатының қола жүл­дегері Əнуар Сариев, Əлем жəне Паралимпиада ойындарының чемпионы Звиат Гогочули, Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Алексу Болога, Əлем чемпионатының қола жүлдегері Гиорги Гамджашвили бар.

Белдесудің нәти­жесінде жал­пыко­ман­далық есепте Қа­зақстан бірінші, Грузия екінші, Румыния үшінші орын­дарды иеленді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Суреттерді  түсірген

Нұрболат Нұржаубай.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 сәуір 2019 г. 708 0