
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова меморгандардың факторлық-балдық шкалаға негізделген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшуі жөнінде сауалға жауап берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, «Ашық диалог» порталында онлайнда өтіп жатқан интернет-конференцияда факторлық-балдық шкаланы енгізу мен әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын көтеру турасында сұралды. «Қай жылдан бастап факторлық-балдық шкала қалған мемлекеттік органдарда енгізіледі?», - делінген сауалда. Айгүл Шайымова Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бері кейбір мемлекеттік органдарда (Әділет министрлігі, агенттік, Астана қаласы мен Маңғыстау облысы әкімдіктері, ал 2018 жылдың желтоқсанынан Алматы мен Шымкент әкімдіктері) факторлық-балдық шкалаға негізделген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі қанатқақты режімде енгізілгенін еске салды. Аяқтау мерзімі ретінде 2019 жылдың 31 желтоқсаны айқындалды. Осы орайда мемлекеттік органдардың жаңа төлем моделіне көшу мерзімдері мемлекеттік органдардың бюджет шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу жөніндегі жұмыс нәтижелерін ескере отырып айқындалады. «Жобаны ары қарай масштабтау үшін еңбекті төлеуге шығыстардың өсімі бюджеттік шығындарды үнемдеу мен оңтайландыру есебінен қамтамасыз етілуі тиіс. Осыған байланысты қазіргі кезде меморгандар еңбекті төлеудің жаңа жүйесіне көшу үшін тиісті қаржыны қарастыруда. Сондықтан осы модельге ауысу мерзімі меморгандардың жұмысы нәтижесін ескере отырып, аталған қанатқақты жоба қорытындысы бойынша айқындалады», - деді А. Шайымова.