Жас дәрігерлердің өңірлік форумы

Қызылордада «Мәңгілік ел – салауатты ұрпақ» атты денсаулық сақтау саласы жастарының оңтүстік өңірлік форумы өтті.

Медицина саласында ең­бек ететін жастарды қолдау, тә­жірибе алмасу, идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасау мақсатындағы форумға Алматы,  Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары­нан  150-ге жуық делегат қатысты.

Облыс орталығындағы «Жан-Арай» мәдени ойын-сауық кешені базасында өткен шара екі күнге созылды. Қа­тысушылар шараның ал­ғашқы күні денсаулық сақтау сала­сының жаңашыл қырлары, оның ішінде әлеуметтік медицина, тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік-патронажды көмек, заманауи технологиялар ар­қылы тиімді де сапалы емдеу тәсілдері, жас мамандардың өңір­аралық және шетелдік тә­жі­рибе алмасу тетіктері туралы ой-пікірлерін, сұрақтарын ортаға салуға арналған моти­вациялық сессияда бас қосты. Онда форумның бас демеушісі «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің са­ла­лық кәсіподақ ұйымы рес­пуб­ликалық қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Сапарбек Дүй­сенов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова және басқа да кәсіподақ ұйымы жетек­шілері қатысты. Об­лыс­тық денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы өңір меди­цинасының аяқ алысына тоқталып, атқарылып жатқан жұ­мыстар жөнінде айтып берді.

– Жыл сайын салаға бөлі­нетін қаржы көлемі еселеп артып келеді. Денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жақсарту үшін қыруар қаржы бөлініп, сатып алынуда. 2016 жылдан бері облыс әкімінің гранты негізінде өңірге қажетті мамандарды резидентурада оқытуға грант қаралып, мамандар даярлануда. Сонымен қатар, жас мамандарымыз Оңтүстік Корея, Түркия, Ресейдің ең ірі клиникаларында курстардан өтіп, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алып отыр. Облыс халқының 60 проценті ауылдық жерлерде тұратындықтан жас мамандарды елдімекендерге жұмысқа тарту бағытында ауқымды шаралар жасалуда, – деді басқарма басшысы.

«Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің са­лалық кәсіподағы респуб­ликалық қоғамдық бірлестігі төр­ағасы Сапарбек Дүйсенов кәсіподақтан ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниетті жас мамандарды қолдау үшін 36 млн теңге қаржы қаралғанын, онан бөлек, тұрғын үй сертификаттарына 110 млн теңге бөлу туралы шешім қабылданғанын айтты. Яғни, кәсіподақ «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына қатысқысы келетін жас дәрігерлер мен медбикелердің алғашқы жарналарын өтеуге көмектеспекші.

Форум барысында сонымен бірге еңбек заңдылықтары, маман жетіспеушілігі секілді бірқатар мәселелер көтерілді.

Форумның екінші күні өткен шараларға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, онда сек­­циялар жұмысына кезек бе­рілді. Сондай-ақ, ашық пікір алаңында облыстық онко­логия орталығы химиотерапия бөлімінің меңгерушісі Вик­­тория Юннің, Жамбыл об­лысы Талас аудандық орта­лық ауруханасының акушер-гинекологы Құралбек Діл­­дабековтің, Талдықорған меди­циналық колледжі жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Дархан Асқанбаевтың және басқалардың баяндамалары тың­далды. Қатысушылар саланы цифрландыру, инно­ва­циялық технологияларды енгізу, сол арқылы диагностикалау мен емдеудің әсерлі әдістерін қолдану, ақпараттық жүйемен қамту секілді тақырыпта ой-пікірлерін ортаға салды.

Соңында бірқатар қаты­сушылар облыс әкімінің алғыс хатымен, республикалық кәсіп­одақтар федерациясының «Құр­мет грамотасымен» марапатталды. Айта кету керек, салтанатты шарада облысымыздың 4 дәрігері 500 000 ақшалай сыйақыға ие болды. Олар: Қазалы ауданы «Өркендеу» дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Жаңагүл Мәлік, Жалағаш ауданы «Аққыр» дәрігерлік амбу­латориясының жалпы тә­жірибелік дәрігері Мән­шүк Бусариева, Байқоңыр қа­ла­сындағы медицина ор­талығының офтальмолог-дәрі­гері Жанна Полатова және көпбейінді облыстық ауру­хананың Бай­қоңыр қа­лалық филиалы резидент-неврологы Асылхан Каленов.


Айнұр БАТТАЛОВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 сәуір 2019 г. 998 0