КОАЛИЦИЯ МҮШЕЛЕРІ ҮНДЕУ ҚАБЫЛДАДЫ

Қызылордада «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің облыстық коалициясы мен “Нур Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесінің біріккен отырысы өтті. 
Оған мәслихат депутаттары, коалиция мүшелігіндегі партия басшылары мен аймақтық қоғамдық кеңес мүшелері және белсенді жастар қатысты.  Басқосуда қатысушылар ел астанасын Нұр-Сұлтан қаласы деп атауға қолдау білдіріп, ел тарихындағы ең маңызды шешімнің мәнін сөз етті.
Жиында сөз алған “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешімдер қабылдай білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына сіңірген еңбегін баса айтты.
– Тұңғыш Прези­дент Нұрсұлтан Әбішұлы 30 жылға жуық уақытта Қазақстанның әлемге танылуына өлшеусіз үлес қосты. Тұралап қалған экономиканы аяғынан тік тұрғызып, елдің еңсесін көтерді. Ядро­лық қарудан бас тартып, әлем­ге бейбітшіліктің үлгісін көр­сетті. Ұлтаралық татулық пен діни конфессиялардың ауыз­бір­шілігіне баса мән беріп, тұрақтылық пен тыныштықты ту етті. Әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақтың басын қосып, атамекенге ат басын бұруына мүмкіндік жасады. Ал, астананы әсем қала Алматыдан Арқа төріне көшіруі Елбасы жүзеге асырған бастаманың нақты стра­тегиялық шешім екендігін уақыт өзі дәлелдеді. Бүгінгі күні оған ешкімнің таласы жоқ, – деді Ибадулла Құттықожаев.
Шара барысында бұдан бөлек «Ауыл» халықтық-демо­­кратиялық-патриоттық пар­тия­сының облыс­тық филиалы төрағасы Серікбай Өмір­зақов, «Ақжол» Қазақ­стан демократиялық партия­сы облыстық филиалы төр­аға­сының орынбасары Шәрбану Есекеева, «Қазақстан ком­мунистік халық партиясы» облыс­­тық филиалының хатшысы Талғат Телеубаев, «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері – М.Мәметова атындағы Қызыл­орда гуманитарлық колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев пен аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас, ҮЕҰ атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен облыстық кәсіподақтар төрағасы Серік Сер­мағанбетов сөз алып, еліміздің табыстары мен жетістіктері Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, өтпелі кезеңде елді өрге сүйреген Елбасының  есімін елордамызға беру орынды шешім және ел дамуының жаңа кезеңін анықтайтын аса маңызды қадам екеніне тоқталды.
Шара соңында облыстық коа­лиция мен аймақтық «Мирас» қоғам­дық кеңесінің мүшелері бір ауыздан Сыр халқын Тұңғыш Президентіміз айқындап берген стратегиялық бастамаларды әрі қарай жүзеге асыруға шақырып, астана атауын өзгерту туралы тарихи шешімге үн қосуға бағытталған үндеу қабылдады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 наурыз 2019 г. 377 0