Театр үздіктері марапат төрінде

Н.Бекежанов атындағы об­лыстық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы халық­аралық театр күнін салтанатты түрде атап өтті.
«Өнердің ақ сарайы» атты шарада киелі өнер қара­шаңы­рағының қызмет­керлерін ме­ре­кемен облыс әкімінің ке­ңес­шісі Ержан Әбдірахманов құттықтады.
– Театр – адам өзін-өзі сахнадан көріп, сырттай бақы­лайтын орын. Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын интенция. Адам бүгін театрға ертең адам болу үшін барады. Алпыс жылдан астам тарихы бар жергілікті театр – еліміздегі белгілі өнер ошақтарының бірі. Мұнда сахна өмірінің ыстық-суығын бірге бөлісіп, абырой-атағының ­орны­ғуына ортақтасып келе жатқан мә­дениет майталмандары еңбек етеді, – деді Е.Әбдірахманов.
Олардың қатарында Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері Хусейн Әмір-Темір, Бақытбек Алпысбаев, Үмігүлсім Бегімова, Кәмила Әбжанова, Алмагүл Артық­баева, Бақытбек Темі­ров және тағы басқа талант иелерінің есімдері ерекше аталды. Соңғы жылдары жер­гілікті сахнагерлер аймақ басшысының қолдауымен алыс-жақын шет елдерге шы­ғып, өнер тари­хындағы жаңа белестерді бағын­дырып үлгерді. Басты жетістік былтыр жазда Шотландияда өткен халықаралық «Фриндж» фестивалінен олжалы оралуы болды.
Мерекелік кеште мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құт­тықтау хаты оқылды. Театр­дың бірқатар қызметкері об­лыс әкімі және облыс әкімі орын­басарының алғыс хатын иеленді. Марапатталғандар қа­тарында артистер Бектеміс Ботбаев, Сырым Әбдіразақов, Айгүл Байдалиева, Зәуре Көздібаева бар. Облыстық мә­дениет, архивтер және құжат­тама басқармасы, салалық, мә­дениет, спорт және ақпарат қыз­­меткерлерінің кә­сіп­тік ода­ғы да театр жұмысының алға жыл­жуына септігін тигізіп жүр­ген өзге де қызметкерлердің ең­бегін елеусіз қалдырған жоқ. Театр директоры, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Әбдікәрімов кәсіподақ атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудеге тақты. Театр артистері Нұрлыбек Шыналиев, Айқыз Қос­маханова, костюмер Ләззат Үркінбаева басқарманың алғыс хатын алды.
Спектакльдегі үздік ролі үшін бірқатар сахнагердің есімі арнайы номинацияларда, ал облыстық «Qyzylorda» теле­арнасының тілшісі Елжас Әб­ділдә, Қы­зыл­орда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Бағ­лан Тілеубергенова «Ең үздік ­театр өнерін насихаттаушы», қала тұр­ғыны Маралбек Мұсаев «Ең үздік көрермен» ретінде аталды.
Өнер ұжымы көрермен назарына әуезді ән, сиқырлы бимен өр­нектелген концерттік бағ­дар­лама ұсынды.

Назерке САНИЯЗОВА,
"Сыр бойы".

Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 наурыз 2019 г. 504 0