Арал ауданы бойынша жазғы сауықтыру лагерлері 1 маусымнан өз жұмыстарын бастап кетті. Лагерлер үш түрлі: күндізгі, тұрақты және көшпелі формада ұйымдастырылған.
Қамбаш көлінің жағасындағы «Ұландар» жазғы демалыс лагерінің І аусымы салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімі Мархабат Жайымбетов қатысып, құттықтау лебізін жеткізді. Аудан басшысы биыл бірінші аусымын бастап жатқан лагердің жағдайымен танысып, балалардың жазғы демалысы кезінде қауіпсіздік шараларының бақылауда болуын қатаң тапсырды.
Үстіміздегі жылы «Ұландар» лагеріне 4 ауысымға 150 баладан 600 бала қамтылу жоспарлануда. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, лагерге биылғы жылы қаралған қаржы 12 млн. 395,0 мың теңге. Лагерь асханасы электро-техникалық құралдармен, өртке қарсы дабыл қондырғылармен, оқушылардың демалысын ұйымдастыруға арналған ақпараттық техникалармен және спорттық құралдармен жабдықталған. Сонымен бірге жатын ғимараттардағы жиһаздары толық жаңартылған.