
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева мәлімдеді.
Науқан барысында 9 және 10 айлық балалар мен қызылша ауруымен ауырмаған, қарсы егілмеген 40 жасқа дейінгі МСАК стационарлар мен ұйымдарындағы медицина қызметкерлерін қамтуға 18500 доза вакцинасы облысқа жеткізілген.
Облыс бойынша жыл басынан бері қызылша ауруының 104 жағдайы есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі 1 жасқа дейінгі балалар мен 20-29 жас аралығындағы ересектер.
«Қызылша ауруына шалдыққан науқастардың 79% осы ауруға қарсы егілмегендер, оның ішінде 50% ҚР Ұлттық алдын ала егу кестесіне сәйкес егу мерзімі жетпей егілмеген, 38,5% медициналық шегіністерге байланысты егілмеген, 11,5% азаматта қызылша ауруына қарсы жүргізілген екпелерді растайтын құжаттардың жоқтығы салдарынан егу статустары белгісіз болып анықталды», – Ұ.Аханаева.
Бүгінгі таңда қызылша ауруы облыстың барлық аудандары мен облыс орталығында тіркеліп отыр.
Жалпы қызылша ауруы – 100% контагиозді жұқпалы ауру. Қызылша ауруы жедел респираторлы вирусты инфекцияға тән белгілерімен (дене қызуының көтерілуі, жөтел, көздің жасаурауы, мұрынның бітуі) сипатталады, бұл жағдай 2-3 күнге дейін созылып, одан соң денеде бөртпелер пайда болады. Алғашында бөртпелер бетте, құлақ артында, содан соң денеге тарайды. Ауру көзі болып ауру белгілері анық сипатталған және ауруы жасырын түрде өтетін науқастар болып табылады. Қызылша ауруында науқас адам бөртпе шыққанға дейін 4 күн және шықаннан кейін 4 күн қауіпті болып саналады. Бұл ауру түрі ортаңғы құлақтың, өкпенің, кеңірдектің, бронхтың және ми қабаттарының қабынуы сияқты асқынулармен қауіпті.
Қызылшадан қорғанудың бірден бір тиімді шарасы – вакцинация. Дене қызуының көтерілуі, катаральдық көріністер (жөтел, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы) және денеге бөртпенің шығуы сияқты белгілер пайда болған жағдайда уақтылы диагностикалау, емдеу және асқынуларға жол бермеу мақсатында дәрігерге жүгіну қажет.