Өткен жылдың желтоқсан айында №7552 әскери бөлімінің теміржол желісіндегі қарауылдары кіші сержант Жандос Баянбаев пен қатардағы жауынгер Нұрасыл Мүбәраков нағыз ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Олар өз өміріне төнген қатерге қарамастан қамаудан қашпақ болған қауіпті қылмыскерлерге тосқауыл жасады.
Қос сарбаз да қызылордалық. Жандос Баянбаев көрсеткен ерлігі үшін 3-дәрежелі «Айбын» орденімен және Нұрасыл Мүбәраков Елбасының жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» төс белгісімен наградталды. Бейбіт күннің батыры атанған Н.Мүбәраковты бүгін Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев қабылдап, «Құрмет» грамотасымен марапаттап, 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға ҚР Ұлттық Ұланының Бас қолбасшылығының орынбасары, полковник Мұхаметқали Сатов және Н.Мүбәраковтың ата-анасы, туыстары қатысты.
– Бұл - нағыз ұмытылмас ерлік. Осындай ержүрек азаматтарымыздың батырлығы мен патриоттығы жастарымызға әрдайым үлгі-өнеге болатыны анық. Нұрасылдың қайсарлығын жастарға насихаттайтын боламыз. Отан үшін жастар отқа түсуге дайын екендіктерін көрсетуі еліміздің «Мәңгі ел» екендігін айқындайды, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
– Бар күш-жігерімді, біліміммен біліктілігімді елім үшін аямаймын. Еліміз аман, бейбітшілік заман болсын. Маған көрсетіп жатқан құрметтеріңізге алғысым шексіз, - деді Н.Мүбәраков.
Нұрасыл Мүбәраков қазіргі таңда әскер қатарында Отан алдында борышын өтеуде. Алдағы уақытта ол әскери білім алып, осы салада еңбек еткісі келеді.