Байқоңыр ғарыш айлағынан кезекті ұшырылым 2019 жылдың 4 сәуіріне белгіленген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.Ұшырылымға бортында «Прогресс МС-11» көліктік жүк кемесі бар «Союз-2.1а» зымыран-тасығышы әзірленуде. Бұл, 2019 жылы Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) ұшырылатын алғашқы ғарыш кемесі болмақ. «Байқоңыр ғарыш айлағында ресейлік «Энергия» ғарыш корпорациясының мамандары «Прогресс МС-11» жүк кемесіне жанармай және сығымдалған газ толтыру жұмыстарын сәтті орындады. Жанармай құюдан кейін кеме монтаждық-сынақ кешеніне жеткізіліп, әзірліктің соңғы операцияларына арналған стапельге орнатылды», - деп хабарлайды Ресей ғарыш корпорациясының баспасөз қызметінен. Ғарыштық жүк көлігі ХҒС-қа жанар-жағармай, су және басқа да жүктерді жеткізуі тиіс.