Жол апатынан көз жұмғандардың отбасыларына көмек көрсетілді

Жол апатынан көз жұмғандардың  отбасыларына көмек көрсетілдіКеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 7 мамыр күні жол апатынан қайтыс болған жандардың туыстарын және жапа шеккендерді қабылдады.
Айта кетейік, сол күні  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Шиелі ауданы, Тартоғай елді мекені тұсында жол-көлік апаты орын алып, 11 адам қайтыс болған еді. Бюджеттен тыс көздерден қайтыс болған 11 адамның отбасына 1 миллион теңгеден, ал жарақат алғандарға 500 мың теңгеден қаржылай көмек берілді. 
– Әрине, қайғының орнын толтыру мүмкін емес. Бірақ қолдан келген көмекті жасаймыз. Сіздер де түсіністікпен қарап, сабырлы болыңыздар. Мұндай жағдай қайталанбас үшін абай болайық, -  деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.   
Жиынға қатысқан Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Нұрлан Анарбаев жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, барлық іс бойынша бірнеше сараптамалар тағайындалғандығын айтты. Осы сараптама нәтижесі әділ, обьективті жүретінін жеткізді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының міндетін атқарушы Сәкен Серғазиев ауруханада ем алып жатқан науқастардың жағдайы бірқалыпты екенін айтып, оларға қажетті медициналық көмек уақытылы көрсетіліп жатқанын жеткізді.  
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы жапа шеккендердің отбасына қаржылай көмектен бөлек, қажетті әлеуметтік қолдау көрсетілетінін айтты. Мәселен, ата-анасынан айырылған мектеп бітіруші түлекке облыс әкімінің оқу гранты берілетін болды. 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 маусым 2014 г. 819 0