Бес жылдың белесі

Аймақтың ақпарат айдынында өз бағытын айқындап үлгерген облыстық «Кәсіпкер келбеті» газеті мен республикалық «Кәсіпкер және мәдениет» журналының шыға бастағанына 5 жыл толды. Оқырманын сүбелі де сүйекті тақырыптарымен, тың ойларымен сусындата білген бұл газет пен журнал облыстағы кәсіпкерліктің дамуын насихаттап, саладағы оң өзгерістерді ақпараттандыруды, өңір кәсіпкерлерін жұртшылыққа танытып, оларға рухани демеу көрсетуді басты ұстанымы етіп алған. Осы саланың қыр-сырына машықтанған бірден бір басылымның осы газет пен журнал екенін жұртшылық та мойындап үлгерді десек, асыра айтпағынымыз.

    Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қос басылымның 5 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті. Шарада «Кәсіпкер келбеті» ЖК бас редактор-директоры Жүзбай Таңрықбаевты қонақтар қос басылымның мерейтойымен құттықтап, марапаттар тарту етті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бөлім басшысы Алтынбек Жарылқасын Жүзбай Ибрагимұлына облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Салтанатты шараның жүргізушісі Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың басылым мерейтойына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Сонымен бірге қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Каюпов газеттің бас редакторына қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті. Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Артур Қамбаров құттықтау сөз сөйледі. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қос басылымға ақ тілегін арнап, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салауат Құлмахан палатаның Алғыс хатымен марапаттады.

         Облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысы А.Жұмамұратов мерейтойға өз тілегін қосты. «ВТБ» банк филиалының директорының орынбасары Дәурен Сейітжанов басылым мен ұжымды құттықтай отырып, сый-сияпатын ұсынды. Республикалық «Нұр Жан» журналының бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисті Амангелді Суханберлиев «Нұржан Ишан ата» қайырымдылық қоры атынан Ж.Таңрықбаевтың төсіне «Мәртебе» медалін тақса,  «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы басылымның тарихына тоқталды. Редакция ұжымына басқа да басылымдар өкілдері жылы лебіздерін жеткізді.

         Шара барысында қос басылымның құрылтайшысы кәсібінің тәй-тәй басқан шағында демеу болған жандарға, кәсәпкерлерге, мекеме басшыларына, журналистер мен баспагерлерге, ізбасар інілеріне алғыс білдіріп, мақтау қағазбен және ақшалай сыйлықпен марапаттады. Шара соңы өнерпаздар концертіне ұласты.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

"Сыр бойы".

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 наурыз 2019 г. 492 0