Қамқорлық құшағындағы аймақ

  Нұрсұлтан Назарбаев – әлем мойындаған саясаткер. Президенттік өкілеттілігін тоқтату туралы мәлімдемесінен кейін әлемнің көптеген саясаткерлері ол туралы өте жылы лебіздерін білдірді. Ол мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлес­тіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп, шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды.

      Оның жетекшілі­гімен елімізде экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және саяси түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылғанына бәріміз де куәміз.

Осы орайда Мемлекет басшысының Сыр еліне деген құрметі ерекше болғанын айрықша атап өткен жөн. Президентіміз «Сыр – Алаштың анасы» деп атаған аймақ оның қамқорлығын үнемі сезініп келді. Тұңғыш Президенттің қолдауымен өңірдің экологиялық ахуалын сауықтыруға бағытталған, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтін бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асты. Мысалы, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасы қолға алынып, Кіші Арал теңіз қайта оралды. Нақты кезеңде осы «САРАТС» жобасының екінші кезеңінің жұмыстары атқарылуда. Мемлекет басшысының қолдаумен жүзеге асырылған келесі ірі стратегиялық жобаның бірі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры жобасы. Жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстары аумағы арқылы өтіп, байтақ еліміздің оңтүстік өңірлерін газдандыруға мүмкіндік берді. Бұған қоса, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі салынып, қолданысқа берілді. Осы маңызды жобалардың игілігін бүгінде бірнеше облыс халқы көруде.

Экологиялық апат аймағы саналған облыс тұрғындарына экологиялық жеңілдіктер қарастыратын «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңының жұмыс істеп тұруы да соңың бір дәлелі.

Жақында ғана оның төрағалығымен өткен ҚР Қауіпсіздік кеңесінде Қызылорда облысында мұнай кеніштерінің сарқыла бастауы секілді мәселеремен бірге Байқоңыр қаласын дамыту жайы талқыланған болатын. Отырыс нәтижесімен Н.Назарбаев Үкі­мет пен облыс әкімдігіне 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірлеу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Ол бойынша облыста көптеген игілікті істер атқарылатын болады.

         Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа  Тәуелсіз Қазақстанды дамытудағы еңбегі мен Сыр өңіріне деген қамқорлығы үшін ризашылығымыз шексіз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

журналист.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 наурыз 2019 г. 466 0