Алаяқтықпен, бөтен мүлікті ұрлау немесе бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алумен байланысты жасалатын қылмыстар әлі де күрделі мәселе болып қала беруде. Аталған қылмыстың басты ерекшелігі жәбірленушінің мүлкін алаяққа өз қолымен беретіндігінде.
Бүгінгі күні несие беру, банк, жер, тұрғын үй қатынастары және басқа да салаларда алаяқтық қылмыстары кеңінен таралған. Осындай қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық ҚР ҚК-нің 177 бабында қарастырылған. Өкінішке орай, бұндай қылмыстар көбіне әйел адамдар тарапынан жасалады. Мысалы, азаматша Г.К өзінің танысы Б.К-ға 1000 000 теңге несие алып беремін деп өзінің қызметін ұсынған. Жәбірленуші Г.К-нің әрекетінің заңды екеніне сенімді болып және оның қылмыстық пиғылынан сезіктенбей оған қолма-қол 150 000 теңге берген, ал, ол өз кезегінде ол ақшаны өз бас пайдасына жаратқан.
Арал аудандық сотының мәліметіне сүйенсек, сотта сотталушы өзінің кінәсін толық мойындап, қазіргі уақытта жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласқанын, келген залалдың орнын толтырғанын, жасаған әрекетіне кешірім сұрағанын көрсетті. Сот істі және іс бойынша барлық мән-жайларды қарап, сотталушы Г.К қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық істі қысқарту жөнінде қаулы қабылдады.