
Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ҚАЖД ЗК-169/5 мекемесінің ұйымдастыруымен ашық есік күні өтті. Шара барысында өзін жақсы қырынан танытып, үлгілі тәртібімен ішкі тәртіпті сақтай білген жазасын өтеушілердің аналары, жұбайлары және бауыр-қарындастары мереке күніне орай арнайы шақырылды.
Жақындарымен жүздесіп, көңілдерін қуаныш кернеген жаза мерзімін өтеуші азаматтар өз туыстарына С.Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйін орындап, ақын Т.Молдағалиевтың «Ана» туралы өлеңін нақышына келтіріп оқып берді. Жүрекжарды тілектерін жеткізіп, өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын табыс етті.
– Темір тордағылардың қай-қайсысы болмасын ата-анасын, туған- туыстарын, балаларын сағынады. «Ашық есік» күнін жиі өткізіп тұрамыз, бірақ дәл осындай үлгілі тәртібімен, оң мінезділігімен көзге түскен жазасын өтеушілердің аналарына арналған шара бірінші рет болып отыр, – деді ЗК-169/5 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Тасболат Қалымбетов.
Айыпталушылардың тәртібі жақсы болса, жеңілдікке ілініп, бостандыққа шығуына мүмкіндік бар. Сондықтан да сотталғандардың үлгілі, тәртіпті болуға ынтасы зор. Мекемеде жазасын өтеуші азамат К. аналарын, жұбайларын ару аналар мерекесімен құттықтауға мүмкіндік бергені үшін мекеме әкімшілігіне алғысын білдірді.
Сонымен қатар мереке қарсаңында жазасын өтеуші азаматтарға арналған кітапхана қоры 500-ден аса кітаппен толықты. Облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасы белгілі қазақ және шетел жазушыларының көркем әдеби кітаптарын, тарихи романдарын тарту етті.
Шара соңында Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары мерекеге орай әсем әннен шашу шашып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«СБ» ақпарат.