Мәселені шешудің мүмкіндігі қарастырылады

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев  пен өңірімізге сапармен келген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың, жергілікті мұнай компаниялары басшыларының қатысуымен аймақтың мұнай-газ саласындағы көкейтесті мәселелерді талқылаған мәжіліс өтті. 

Облыс әкімі ақпан айының басында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңе­сінің отырысында аймақтың даму мәселелері қаралғанын атап өтті. Ол отырыста өңірдің мұнай-газ саласының дамуына ерекше назар аударылғанын еске салды.

Аймақ басшысы өз сөзінде өңірдегі мұнай кеніштерінің сарқыла бастауына байланысты мұнай өндіру көлемі жылма жыл төмендеп келе жатқанын айтты.

– Соңғы 6 жылда 5 млн  тоннаға жуық мұнайды жоғалттық. Өткен жылы 420 мың, биыл 1 млн тоннадан астам мұнайдан айырылып отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Мұнай өндірісінің төмендеуі, әрине, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін тигізбей қоймайды.  Солай бола тұрса да, аймақта кәсіпкерліктің дамуы, өңдеу өнеркәсібі үлесінің артуы, экономиканы әртараптандыру нәтижесінде соңғы екі жылда жалпыөңірлік өнім көрсеткішін 100%-тен асыруға қол жет­кіздік. Десе де, мұнай өндірісі аймақ эко­номикасының негізгі бөлігін құрап отыр­ғандықтан өзіндік қиындықтар жеткілікті.

Облыс әкімі мұнай мен газ экспорты көлемін арттыру және жаңа кеніштерді игеру бағытындағы жұмыстарды да бір саралап өтті. Газ экспорты бойынша «ҚазТрансГаз»АҚ алдағы кезеңде облыс мұнайшыларынан тауарлы газдың 50 процентін экспорттық нэтбек бағасымен (шекараға дейінгі транспорттық шығынды қоса есептегенде) алуға дайын екенін жеткізді.

Өңір жетекшісі мұнай экспортына қатысты мәселені де көпшілік назарына салды. Біздің мұнайшылар ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз ету келісіміне сәйкес барлық өндірген өнімнің 75 процентін ішкі рынокқа жіберуде. Соған байланыс­ты өңірдегі мұнай компанияларының шығыны шамамен 500 млн долларға  жуықтап отыр. Табыстың азаюы келісімде көрсетілген міндеттемелерді орындауға да кері әсерін тигізуде. Энергетика министрлігі облыс мұнайшыларының бұл бағыттағы проблемаларын шешу тек «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры жобасы іске қосылғаннан кейін ғана мүмкін екенін айтады. Ал ол жоба жоспар бойынша 2020 жылы аяқталады. Ал оған дейін қызылордалық мұнайшылардың жағдайы ауырлай түспек.

Осыған байланысты облыс әкімі бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Қызылорда облысында өндірілген мұнай құбыр арқылы Алашонкоу мен Шымкент мұнай өңдеу зауытына жөнелтілуде. Осы ретте батыс облыстардағы мұнай компанияларының ішкі рынокты қамтамасыз ету үшін Шымкент зауытына жіберетін мұнай көлемін қызылордалық компанияларға жүктеуге болады. Ал батыстағы компаниялар сондай көлемді экспортқа жөнелтсе, екі жаққа да тиімді болар еді.

– Ішкі нарықтың қажеттілігін қам­тамасыз ету жөніндегі міндеттемелерге сәйкес мұнай компаниялары ішкі нарыққа барлық өндірілетін шикі мұнайдың 75% сатады. Біз Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларына қатысты қазіргі бөлу принципін әділетсіз деп есептейміз. Ішкі нарықты қамтамасыз ету бойынша ең үлкен жүктеме өңіріміздің компанияларына тиесілі, – деді облыс басшысы. Осыған байланысты Павлодар және Шымкенттің мұнай өндіру зауыттарын шикі мұнаймен қамтамасыз ету бойынша «ҚазМұнайГаз-бен» шамалас батыс өңірлері компанияларының үлесін арттыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Облыс бастамасы бойынша ҚР Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі жалпы ұзындығы 750 шартты шақырым (геотраверс) болатын магниттік толқындармен геологиялық зерттеулерді қар­жыландыру үшін әзірленген жобалық-сметалық құжаттама бойынша республикалық бюд­жеттік комиссияға өтінім берді. Сондай-ақ, Сыр өңірі, Сырдария және Шу-Сарысу ойпаттары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.

Өткен жылдан бастап өңір­де 2018-2019 жылдарға ар­нал­ған мұнай-газ сала­сын да­­мы­тудың Жол картасы жү­зеге асырылуда. Жол кар­та­­сының келісімшарттық ау­­­­мақ­­­­тары шегінде мұнай ком­пания­ларының қаражаты есе­бі­нен 3,5 мың метрге дейінгі тереңдікте 62 мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылауды қам­­­тиды. Алайда, Қызылорда облы­сының жер қойнауын пай­даланушылары өздерінің келісімшарттық аумақтарын 5 мың метрден астам тереңдікте зерттеу қажет.

– Сол себепті «ҚазМұнайГаз» есебінен «ҚазГерМұнай» ЖШС және «ПҚҚР» АҚ-ның келісім­шарттық аумақтарында 5 мың метрден астам тереңдікте тірек-параметрлік ұңғымаларды бұр­ғылау мүмкіндігін қарас­тыруды сұ­раймыз, – деді облыс басшысы.

Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Айдарбаев облыс әкімі көтерген барлық мәселелер орынды екенін атап өтті.

– Біз аймақтағы мәселелер туралы хабардармыз және сіздің ұстанымыңызға түсіністікпен қараймыз. Осы сапарымыздан кейін оларды шешудің жолдарын зерттейміз. «ҚазМұнайГаз» бұл мәсе­лелерді шешу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырады, – деді А. Айдарбаев.

Жиын барысында «Қаз­Мұнай­Газ» АҚ-ның геоло­гия және барлау жұмыстары жө­ніндегі басқармасының директоры Нұрлан Қонысов мұнай-газ саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінен хабардар етті. Аймақтағы жергілікті мұнай өндіруші компаниялар өкілдері – «Қор» АҚ бас директоры Марат Нұрпейісов және «ПҚҚР» АҚ бас геологы Ағзам Шарменов Сыр өңіріндегі көмірсутек шикізатын өндіру барысындағы проблемаларды ортаға салып, бірқатар ұсыныс­тарын жеткізді.

Мәжіліс соңында облыс әкімі жиында айтылған мәселелерге орай екі жақты хаттама жасауды ұсынды. Оған біздің өңірден облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, ал «ҚазМұнайГаз» АҚ тарапынан Нұрлан Қонысов жауапты болып бекітілді. 

***

«ҚазМұнайГаз» АҚ бас­қар­­ма төрағасы Алик Айдар­баев сапар барысында «Қаз­Мұ­найГаз» БК» ЖШС және «Петро­Қа­зақстан Құмкөл Ресорсиз» ак­цио­нерлік қоғамында болды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 наурыз 2019 г. 355 0