Облыста тау-кен металлургиялық кешенін дамытуға көңіл бөлінбек

Облыста тау-кен металлургиялық кешенін дамытуға көңіл бөлінбек Астана қаласында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Тау-кен өндірісі, геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кеңесінің жиыны өтті. Онда Қызылорда облысында тау-кен және металлургиялық кешенді дамыту жол картасының жобасы талқыланды. Сондай-ақ, ЖЭО реконструкциялау және кеңейту,  ферроқорытпа зауытын салу, тау-кен комбинатының құрылысын бастау, кен орындарын кеңейту секілді мәселелері сөз етілді.
Жиында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірде өнеркәсіп құрылымындағы өндіру саласының үлесі 94 пайызды құрап, қайта өңдеу секторының үлесі 4,6 пайызды ғана екендігін мәлімдеді. Соңғы жылдары өткізілген талдау өндіру саласындағы өндіріс көлемін 1 пайызға төмендеткен жағдайда қайта өңдеу өнеркәсібінің көлемін орташа есептегенде 18 %-ға арттыру керек екендігін көрсетті. Өткен жылы қайта өңдеу өнеркәсібінің өсімі 19,3 % құрады, бұл республика бойынша 2-ші көрсеткіш.
Бүгінгі күні осы көрсеткіш химиялық, құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылық және фармацевтика салаларындағы орта және шағын жобаларды жүзеге асыру арқылы сақталып отұр. Жыл сайын 5-6 жоба нақты жүзеге асырылған жағдайда өсім динамикасы 30-40 пайыз деңгейінде болады, бұл өсім үшін жеткіліксіз. Яғни, облысымыздың тау-кен металлургиялық кешенін жедел түрде дамыту қажет. Сонымен қатар, болашақта мұнай өндіру көлемінің күрт азаюы күтілуде. Өндіру көлемі жыл сайын 2-3 % төмендеп, 2020 жылы қазіргі деңгейдің 50% ғана құрайтын болады деген болжам бар. Сондықтан, аймақ экономикасының әрі қарай тұрақты өсуі үшін 2016-2017 жылдарға дейін экономикамызды жедел түрде әртараптандырып, тау-кен металлургиялық кешенін дамытуға басты назар аударылуы тиіс.
Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар – қатты пайдалы қазбалардың мол қорлары, 2016 жылға қарай электр энергиясын өндіретін кәсіпорындарының қуаттылығын 330 МВт арттыру жоспары және электр қуатының бағасын еліміздегі ең арзан бағалар қатарына кіргізу осы сектор дамуының негізгі факторы болмақ.
Облыстың кен қорына тоқталсақ:
- жалпыреспубликалық ванадий қорларының 66%  (Баласауысқандық және Құрымсақ кен орындарының қорлары әлемдегі 5 ең ірі кен орындарының қатарында);
- цинк қорының 16%  астамы (8,3 млн. тонна); 
- уран қорының 14%  (235,4 мың тонна);
- қорғасын қорының 11%  астамы (2,4 млн. тонна);
- сондай-ақ, мыс, алтын, темір және басқа да пайдалы қазбаларының бірқатар кен орындары бар.
Осыған орай, Елбасының тапсырмасы бойынша Минералдық шикізатты кешенді түрде өндеу жөніндегі ұлттық орталығымен бірлесе отырып Қызылорда облысында тау-кен металлургиялық кешенін дамыту тұжырымдамасы жасақталды.
Бастапқы кезеңде тау-кен металлургиялық кешенін дамыту төмендегі жобаларды жүзеге асыру арқылы жоспарлануда:
1) «Шалқия» кенішін кеңейту және «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында жылда 4 млн. тонна кен өндіретін тау-кен байыту комбинатының құрылысын салу ( «Шалкия Цинк ЛТД» ЖШС).
2) Бала-Сауысқандық кен орнының кен базасын кеңейту және кен өндеу көлемдерін жылына 1 млн. тоннаға дейін арттыру  ( «Фирма Балауса» ЖШС).
3) Қызылорда қаласында 162 мың тонна алюминий үлесі төмен ферросилиций өндіретін ферроқорытпа зауытын салу. 
4) Қызылорда ЖЭО реконструкциялау және кеңейту әрі электр қуатын 2015 жылында – 110 мВт, 2016 жылға дейін – 110 мВт көлемінде өндіру бойынша қосымша қуаттылықтарды іске қосу арқылы жалпы қуаттылығын 330 мВт дейін арттыру.
Бүгінгі күнге облыс әкімдігі ферроқорытпа зауытын салу жобасының ТЭН жасақтауға 186 млн. теңге және Қызылорда ЖЭО реконструкциялау және кеңейту жобасының ТЭН жасақтауға 75 млн. теңге бөліп отыр. Жиын қорытындысында Кеңестің шешімімен Қызылорда облысының Тау-кен металлургиялық кешенін дамытудың жол картасы мақұлданды.
«Бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылы қыркүйек айында Елбасының Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында бастау алған. Мәселен, фармоцевтикалық зауыттың, халықаралық әуежай терминалының, Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір және басқа да нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобалар өңір әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтереді» деп хабарлайды облыс әкімдігі баспасөз қызметі. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 маусым 2014 г. 1 155 0