Кеше, 6 маусымда Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің 90 жылдығына орай оның өмір жолы мен қызметіне арналған танымдық конференция өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, академик Сұлтан Сартаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттары қатысты.
Қасиетті Қаратау қойнауында туып, Ұлы Отан соғысының отты жолдарынан өткен Исатай Әбдікәрімов майданнан кейін ел тұрмысын түзеуге атсалысты. Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандық партия комитеттерінде қызмет етіп шаруашылықтың сан саласында жүріп шыңдалды. 1962 жылдың соңында Жалағаш пен Қармақшы аудандары қосылып, оны Исатай Әбдікәрімов басқарды. Мұнан соң облыстық партия комитетін, кейін Қазақ КСР жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болып тағайындалды. Қай қызметте болмасын қоғам қайраткері жемісті еңбек етті.
– Ол ел экономикасының қалыптасуына, халық¬тың мәдени-рухани өміріне өлшеу¬сіз еңбек сіңірді, соңына лайықты із қалдырды. Осыған дейін облыс орталығындағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі – аграрлық-техникалық колледж Исатай Әбдікәрімов есімін иеленсе, туған жеріндегі мектепке қайраткер тұлғаның аты беріледі, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнан соң қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің өмір жолы мен қызметі жайлы тың деректер бойынша тарихи құнды деректі фильм көрсетілді. Қоғам және мемлекет қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, мемлекет және қоғам қайраткері Оңалбек Сәпиұлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик Уәлихан Бишімбаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты, саясаттану ғылымының докторы Мұрат Бақтиярұлы И.Әбдікәрімовтың өмір жолы мен қызметі турасында баяндамалар жасады.