Қаржы полициясы бюджетке 430 млрд. теңге өндірген

Қаржы полициясы бюджетке 430 млрд. теңге өндіргенКеше, 6 маусымда қаржы полициясының 20 жылдық мерекесі салтанатты түрде аталып өтілді. Орган қызметкерлерін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтап, 3 «Шевроле» автокөлігін сыйға тартты.
1994 жылы Салық милициясы ретінде құрылып, бірнеше рет атауы өзгеріп, бүгінгі күні Қаржы полициясы болып  орныққан салаға – 20 жыл. Бұл органға сыбайлас жемқорлықпен күресу жүктелген. Яғни, мемлекет қаржысының «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуін қадағалауда. Өз кезегінде осы жылдар ішінде сыбайлас жемқорлық туралы заңнамаға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. 
Соңғы 5 жылдың өзінде қаржы полициясы органдарымен бюджетке 430 млрд. теңгеден астам қаражат өндірілді. Қаржы полициясының жұмысын жетілдіру ұдайы назарда. Мәселен, орган қызметкерлері шетелдік әріптестерімен үнемі тәжірибе алмасып отырады. Бастысы, төрт жыл бұрын Страсбургте (Франция) Еуропа Кеңесі ұйымының сессиясында алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қазақстандық тәжірибесінің тұсаукесері жасалды. Бұл – тәуелсіз Қазақ елінің ұстанған бағытының айқын екенінің бір дәлелі.
– Осы жылдар ішінде жинақтаған бай тәжірибелеріңіз бен біліктіліктеріңізді, білімдеріңізді тәуелсіз Қазақ елінің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнап, ел мүддесі жолында жүктелген жауапты міндетті мүлтіксіз атқара бересіздер деп сенемін, – деді облыс әкімі.
«Сондай-ақ, аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік сатып алу заңнамаларын бұзушылықтарды болдырмау және ықшамдау мақсатында, сонымен қатар, өздеріне жүктелген тікелей міндеттерді орындауда жоғары тиімділікке қол жеткізу үшін республикада бірінші болып арнайы Қызылорда облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасын құрылғандығын атап өтті» деп хабарлайды облыс әкімдігі баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада орган қызметкерлерін аймақ басшысы «Құрмет» грамотасымен және «Алғыс хатпен» марапаттады. Ал Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Мақсат Қожабаев облыс әкімі Қ.Көшербаевтың кеудесіне 20 жылдық мерекелік төс белгісін тақты.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 маусым 2014 г. 983 0