Экономикалық өрлеудің кепілі

Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде өңірімізде кәсіпке бет бұрған нәзік жандылардың қатары артқан. Расымен, әйелдер ерекше ұйымдастырушылық қабілетке, шаруа жүргізу машықтарына ие жандар, олар бизнеске қатысты өзекті мәселелерді шешуде қатаңдық пен принциптерді ұстанады.
Қазалы ауданында «KÁSIPKER ÁIELDER BIZNES FORẎMY» тақырыбында өткен шараның маңызы сондықтан жоғары.
Олай дейтініміз, дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін форумда іскер әйелдер өзара пікір алмасады, осында мәселелер көтеріп, ұсыныстарын айтады, кәсібін дамытудың бағыттарын айқындайды.
Жас кәсіпкерлер табысты кәсіпкермен таныса отырып, сол деңгейге жетуге, ісінен айтарлықтай нәтиже шығаруға алдарына мақсат қояды.
Форумды ашқан аудан әкімі М.Ергешбаев алдымен кәсіпкер әйелдерді 8–наурыз Аналар мерекесімен құттықтап, бүгінде аудан экономикасының дамуында шағын және орта кәсіпті дамытушылардың 45 пайызы әйел-аналар екендігін атап өтті.  
«Аудан бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындарында еңбек ететіндердің 20 пайызы әйелдер. Бұл – гендерлік стратегияның жемісі, оның жүзеге асып жатқандығының нағыз белгісі» деді аудан басшысы өз сөзінде.
Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 12 жоба жүзеге асырылып, оның ішінде 4 кәсіпкер әйел 97,5 млн. теңге несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетуде.
Бұдан бөлек, гранттық қаржыландыру негізінде 15 105 000 теңгені құрайтын қайтарымсыз грантқа ие болған 19 кәсіпкердің 11-і нәзік жандылар.
Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқу курсынан өткен қатысушылардың 40,0 пайызын әйел азаматшалар құрап отыр.
Бизнес форумға қолға алынған жобалар, алдағы жоспарлар мен міндеттерді нәтижеге жеткізу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму басқармалары, қаржы институттары басшылары мен аудандық, ауылдық әйелдер кеңестерінің төрайымдары, жергілікті кәсіпкерлер жиналды.  
Сондай-ақ, Арал, Қармақшы аудандарынан келген кәсіпкерлік бөлімдері басшылары мен жеке кәсіпкерлер қатысты. Жергілікті жерден танымал кәсіпкерлер мен көршілес аудандардан келген кәсіпкерлер өз өнімдерін арнайы көрмеге шығарып, көпшілік назарына ұсынды. 

 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 наурыз 2019 г. 684 0