« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің өткен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы алқа отырысы өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов қатысты. Жиында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар сараланып, агенттік бастамасымен Сыр өңірінде алғаш рет Тасбөгет кенті әкімдігіне «Open spaice» технологиясы енгізілгені хабарланды.
Мемлекеттік қызметкерді қоғамның айнасы десек, бүгінде осы қызмет түріне деген азаматтардың қызығушылығы артып келеді. Оның дәлелі, 2017 жылы жергілікті атқарушы органдар жариялаған жалпы конкурстың бір лауазымына орта есеппен екі адам қатысса, былтыр бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаевтың айтуынша, қазір облыста 3,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Сондай-ақ, аймақта кадр тұрақтылығы сақталып, мемлекеттік қызметтен кету екі есеге төмендеген. Оқушылар бойында ел экономикасына қауіпті құбылыстарға қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру мақсатында «Адал ұрпақ» клубтарының облыстық штабы құрылып, жұмысы бір орталықтан жүйелендірілді. Ал инвестициялық жобаларды антикоррупциялық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу үшін инвесторлармен кездесу, жеке қабылдаулар өткізілген. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты аяқталғанда компьютерлерін өшіруі, тек заңға сәйкес жұмыс істеуі қатаң қадағалануда.
Осыған дейін агенттік төрағасы Алик Шпекбаев қажетсіз анықтамаларды қолданыстан алып тастап, қағаз түріндегі анықтамаларды электронды форматқа ауыстыруды ұсынған болатын. Бұл бастама сыбайлас жемқорлық жағдайын біршама төмендететіні белгілі.
– Жуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жасаған жұмыстар аясында 50-ден астам жалған құжат, яғни №086, №083 анықтамалары жасалғаны белгілі болды. Арнайы мониторингтік топтың анықтауымен техникалық байқаудан көліктерді өткізген кезде де олардың ішінен жалған құжаттар беру жағдайы анықталуда, – деді департамент басшысы Абзал Мұхимов.
Жиында арнайы мониторингтік топ басшысы, «Ұмай» сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйінің директоры Анар Ізден мониторингтік топтың қадағалауымен анықталған заңбұзушылықтарды атап өтті. Оның ішінде, жолаушылар тасымалындағы сыбайлас жемқорлық әрекеттері, поезд билеттерін заңсыз сату жағдайлары да бар.
Ал, Тасбөгет кентінің әкімі Пәкуатдин Шамұратов әкімдік ғимараты алғашқы болып «Open spaice» (ашық кеңістік) технологиясына көшіп, ішкі кірпіш қабырғалардың орнына әйнек қабырғалар тұрғызылғанын жеткізді. Кент әкімінің ғана емес, маман кабинеттерінің де осы технологияға сай болуы, әкімдік пен тұрғындар арасындағы байланысты барынша ашық негізде құруға негізделген.
Сондай-ақ, жиында «Гежуба Шымкент-Цемент» ЖШС директорының орынбасары Алмас Сұраншиев антикорруциялық сүйемелдеу мақсатындағы жұмыстарды баяндап, «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры Сәбит Ибадуллаев цифрландыру бағытындағы жобаларды атап өтті. Алқа отырысының соңында алдағы жоспарлар талқыланып, спикерлер ұсыныстарын ортаға салды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |