Қазалы ауданындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы Орталық стадионда футболдан 2000 жылы өмірге келген қыздар арасында Қазақстан Республикасының Батыс аймағы бойынша біріншілігі өтті.
Бірінішілікке Ақтөбе облысынан үш команда – Ақтөбе, Ақтөбе-2, Ембі, Қызылорда облысынан 2 команда – «Жігер» және Қазалының «Жастар» командасы қатысты. Облыс атынан қатысқан «Жігер» командасының құрамын да қазалылықтар құрайды. Соңғы 5-6 жылдан бері облыстың намысын қазалылықтар қорғап келеді. Құраманың негізгі ойыншылары – Әйтеке би кентінің, Өркендеу және Қожабақы ауылдарының қыздары саналады.
Біріншілікке ҚР Әйелдер футбол федерациясының бас төрешісі Майнц Ирина Борисовна, көмекшілері ретінде «Қазалы спорт клубының» футболдан жаттықтырушылары Жандос Нәбиев пен Берік Сансызбаев төрелік етті. Бес күнге созылған қызу тартыста бірінші орынды Ақтөбе облысы, орынды Қызылорда облысының «Жігер» командасы (қазалылықтар), ІІІ орынды Ақтөбе облысының Ембі командасы жеңіп алды. Сөйтіп біздің облыстың атынан шыққан «Жігер» командасы Шымкент қаласында өтетін ҚР біріншілігінің ақтық ойындарына жолдама алды. Шымкентте әр аймақтың жеңімпаз командалары қатысып, біріншіліктік чемпионы анықталады.